USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Абай айтқан ба, айтпаған ба?

Ғалым Арап Еспенбетов «Қайым Мұхамедханұлы және абайтану мәселелері» атты мақаласында: «Соңғы кездері Абай есімін алдына қалқан етіп, ұстап, ақыл-ойға сыймайтын ертегі-аңызшылардың пайда болуына қалайша немқұрайды қарайсың?! Олардың қатары көбейіп кетсе, қоғамдық сана, ұлттық руханият үшін қауіпті құбылыс», - дейді.

Осылай жанайқайын білдіре келе, сондай жайттардың біріне тоқталып: «Бірер ай бедерінде теледидардан қазақ мәдениеті төңірегінде өзінше ой бөліскен бір «шешен» сөзінің дәмін келтіру ниетінде Абайды куәға тартып: «Су ішкен құдығыңа түкірме» деді емес пе ұлы Абай, бұл кәрінің де, жастың да есінде болуы керек», - деп кіжіне, екілене сөйледі. Сеніп қала жаздадым. Абайды оқымайды, ұқпайды екенбіз ғой деп өз-өзіме налыдым. Ерінбей-жалықпай қос томдықты бірнеше рет аударып шықтым, ондай сөз жоқ екен. Абайды өзінің қажетіне сәйкес бұрмалап түсіндіріп, көлденең көк атты ұлы ақын айтпаған сөзді айтқызып, тұнығымызды лайлап, жадымызды шимайлап жатса, абыройдан айырыламыз. Абайдың әр сөзіне абай болайық!» (28-бет) - деп көтерген көкейкесті мәселенің әлі де күн тәртібінде тұрғанын ұмытпауымыз керек.

Әр кезде әрқалай қайталанып тұратын осындай келеңсіздіктерге уағында қарсы тұрмасақ, Абай сөздерін бұрмалап, хәкім атын әркім қолжаулыққа айналдырары анық. Бұл шындығында қауіпті.

Осыған орай, біз де Абай айтпаған сөзді айтты қылып жүргендерге арнайы тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Бас газетіміздің бірі – «АНА ТІЛІНДЕ» (4-наурыз, 2009) «Жаратушы тұрғанда, жаратылғаннан не сұрайсың?» атты мақала жаряланды. Авторы - Айдос Құрамысов. Тақырыптағы сөз оның жазуынша Абайдың сөзі. Жалпы қазіргі күні кез келген жазарман «Абай осылай деген, Мұқағали былай деген» десе, оның сөзін тексермейміз, екшемейміз. Тақырып болсын, сөз ішінде болсын, бере береміз. Әрине, мұнымыз дұрыс емес.

Бұл – бір, екінші - «АСТАНА» телеарнасынан (2014 жылы) ақын Қалқаман Сариннің «Кеш емес» ток-шоуы «Жаратылғаннан сұрағандар» деген тақырыпта арнайы хабар жасады. Сөз соңында жүргізуші ток-шоуды: «Жаратушы тұрғанда, жаратылыстан не сұрайсың?» - дейді Абай атамыз», - деп аяқтайды.

Айтулы айтыскер ақынымыз Мұхамеджан Тазабеков те республикалық «ҚАЗАҚ ҮНІ» газетіне (М.Тазабеков: «Идеология – оқсыз қару», 23-тамыз, 2010) берген сұқбатында: «Абай атамыз болса «Жаратушы тұрғанда жаратылушыдан не сұрайсың» дейді», - деген екен.

Олар бұл сөзді Абайдың қай кітабынан алып отыр?! Абайдың толық жинақтарын тағы да қарап шықтық, бірақ мұндай сөз жоқ. Ашығын айтқанда, бұл сөзді неліктен Абайдың ауызымен айтқызып отырмыз?

Бірі «жаратылғаннан» деді,

Бірі «жаратылыстан» десе,

Бірі «жаратылушыдан» дейді.

Абайдың о заманда ортаға әруақ мәселесі туралы дәл осылай сауал тастай қоюы да екіталай нәрсе. Оу, олар бұлайша ойларынан сөз құрағанша, дана қазақтың «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады» деген сөзін келтірсе де болмай ма? Әлде бұл жеткіліксіз бе? Біз біреудің сөзін біреу ұрласа, онысын «плагиаттық» дейміз ғой, ал біреудің айтпаған сөзін айтқан деп айтушыларды кім дейміз сонда?!

Жалпы кез келген дауға мұндай сөзді жазбаған Абайды араластыру – оның атына қол сұғушылық, бұл – «ата даңқымен сөз өтетінін» біліп, ақын даңқын пайдаланушылық, басқа ештеңе де емес. Абайды өзіміздің мұндай талас-тартысымызға қолжаулық қылмайық, ағайын.

Біз Абай айтпаған сөзге байланысты өз уәжімізді айттық. Ал енді әдебиетшілер арасында Абай айтқан дүниелерді «Абай ауызына да алмаған» дейтіндер де қылаң бере бастады.

Мәселен «АҢЫЗ АДАМ» (№5, 2010, 51-бет) журналының тұтас Абайға арналған нөмірінде ақын Жарылқасын Аманов Абайға қатысты мынадай бір оқшау пікір айтып қалады. Ол:

«Осы Абай Абылайды ауызына алмаған. Орта жүздің ханына бір ауыз өлең арнамаған», - деген сөз.

Ақын ағамыз 1933 жылы Мұхтар Әуезұлы құрастырып шығарған ақын Абай кітабындағы ақын Көкбайдың естелігінен хабардар болмауы мүмкін, тіпті М.Мырзахметов 1997 жылы құрастырған «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» (Алматы, «Санат» баспасы) атты Ибраһим Құнанбайұлының ғұмырнамалық кітабын да бір шолып шықса, бар қазақтың панасы болған Абылай хан хақында, бәлкім, бұлай демес пе еді.

Сол 1933 жылғы Абайдың ең алғашқы толық жинағында Мұхтар Әуезұлына берген естелігінде Көкбай Жанатайұлының былай дейтіні бар:

«Бір жылы менің өзіме Абылай хан мен Кенесарының қазаққа істеген еңбектерін ұзақ әңгіме қылып айтып беріп, осыны өлең қыл деді. «Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай, ұмытпастық еңбек. Сондықтан бастарынан кешкен дәуренді жақсы сөзбен жыр қылып ел ортасына жаю жақсы өлеңшінің міндеті, сен үйіңе барып орнығып отырып осыны өлең қылып кел», - деді.

Содан кейін үйге келіп отырысымен өлең қылуға кірісіп, күндіз-түні тыным алмай жаздым да, 5-6 күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүрдім. Абай бұл уақытта үлкен ауылынан бауырдағы ауылына тоқалыныкіне барып сонда жатыр екен. Кіші ауылы «Аралтөбе» деген жерде, үлкен ауылынан 35 шақырым жерде, біздің ауылдан 70 шақырымдай жерде еді.

Осы жолға қасымдағы атшыммен қысты күнгі аязда салт атпен келе жатып, жазған өлеңімді ойлап көрсем, жатқа айтуға бір де бірі есімде қалмапты. Абайдың барысымен «айт» дейтіні мәлім. Сондықтан жол жүріп келе жатып, өз өлеңімді өзім жаттауға кірістім.

Күн суық, қағазды екі жеңіммен ұстап, атымның басын жолдасыма жетектетіп қойып, жол бойы жаттадым.

Сонымен кеш болып, ел орныға отыратын кезде кісі ауылға жетіп, Абай отырған үйге сәлем беріп кіріп келдім. Үйде кісі көп екен. Алдарына кешкі шайды жаңа алған екен. Кірген жерімде сәлемімді алмастан: «Абылай келді ме?» - деді.

Тегінде сол 25 жыл жолдас болған уақытымда, анда-санда қасынан кетіп қайта келгенімде сәлем алып, «мал-жан аман ба?» деп амандасып көрген емес. Ылғи ғана жаңа көрісіп шыққан кісідей іліп ала әңгімеге кірісетін, бұл жолы да соны істеді.

Мен сұрағанына «келді» деп едім, «олай болса айт» деді» (Аbai Qunanbajulь «Tolьq gьjnaq», 1933, «Kazagьstan baspasь», 390-бет).

Көрдіңіз бе, Көкбай сөзінен һәкім Абайдың Абылай жайынан жақсы хабары барлығын аңғардық, бар ғана емес, оны құрмет тұтқанын да сездік.

Бұдан бөлек тағы бір дерек келтірсек. Ғалым А.Еспенбетов: «Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорын ақтарғанда Мұсылманқұл Жиреншин (абайтанушы Әбіш Жиреншиннің әкесі – Б.Б) тапсырған төмендегі 8 деректі кездестірдім», - дейді де, барлығын тізіп көрсетеді. «Көрсетілген нұсқалардың ішінде екі жәдігерді Мұсылманқұл ақсақалдың тікелей Абай айтуынан («Абылайдың жас күніндегі өмірі», «Абылай туралы жинақ») жазып алуы мұраның құндылығын айғақтайды» (61-бет), - деп жазады ғалым А.Еспенбетов.

Яғни, Әбіштің әкесі Мұсылманқұл да Көкбай сияқты Абылайға қатысты деректерді Абайдың өз ауызынан естіген.

Ендеше, Абай хақында бірдеңе айтқымыз келгенде абай болсақ, ағайын!

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

Аbai Qunanbajulь «Tolьq gьjnaq», 1933, «Kazagьstan baspasь».

«Абайды білмек парыз ойлы жасқа». Алматы, «Санат», 1997, Құраст.: М.Мырзахметов.

Абай (Академиялық жинақ) І-ІІ том. Алматы, «Жазушы», 1995.

А.Еспенбетов «Шығармалары», 2-том, Астана, «Фолиант», 2014.

«Ана тілі» газеті. 2009 жыл, 4-наурыз. А.Құрамысов «Жаратушы тұрғанда, жаратылғаннан не сұрайсың?»

«Қазақ үні» газеті. М.Тазабеков: «Идеология – оқсыз қару», 23-тамыз, 2010.

«Аңыз адам» №5, 2010

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер1
Талғат Асылов
Абайды өздеріне бұрмалап жүрген, оны қалқан қылып жүрген сол салафИТтер. Абайдың өлеңдері жаңа кітаптарда бұрмаланып жазылған, Алла деген сөздерін Аллаһ деп өзгертіпті, салдарынан ұйқасы да құрыған. Сол кітаптарды құрастырғандардың қатарында Бекболат Тілеухан бар. Демек, Абайды бұрмалаған адамдардың кім екенін түсініп отқан боларсыздар.

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады