BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Оңайгүл Тұржан: Қазір күллі әлемді саясат бір өзі билей бастады

Астана, BAQ.KZ. Нью-Йоркте Қазақстан мәдениет және әдебиетінің «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты форумы өтті. Бұл туралы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының баспасөз хатшысы Әсем Сағиқызы хабарлады.

Бұған дейін аталған форум Сеул, Лондон және Берлин қалаларында өткізілген болатын.

Айта кетейік, іс-шаралар аясында әдебиет пен мәдени алмасу және ынтымақтастық саласындағы соңғы үрдістерді түсіну мәселелері негізге алынды.

"Мәдениет пен өнер саласындағы мамандардың ұлттық идеясы шеңберіндегі күш-жігерін біріктіру жөнінде әңгімелер де қозғалды. Форумның мақсаты – қазақстандық мәдениеттің әлемдік мәдени кеңістікке интеграциялануы. АҚШ-та өткен форумға ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат орденінің" иегері Шөмішбай Сариев, «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, танымал журналист Марат Тоқашбаев, жазушы, сыншы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтай, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, жазушы, журналист, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, белгілі тележүргізуші Майя Бекбаева және т.б. қатысты" - дейді Әсем Сағиқызы.

Іс-шараның модераторы «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп болды.

"Мемлекеттің медиа-образы негізінен мемлекеттің өмірінің әлеуметтік-мәдениет саласындағы оқиғалардың көнрінісі арқылы қалыптасады, себебі бұл ақпарат аса қажет. Адамдардың жапай сана-сезімінде қалыптасқан ақпараттар мен коммуникациялар арқылы қалыптастыру бізге өз коммунистік ақпараттық сипаты бар мемлекеттің белгілі бір имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Шетелдегі мемлекеттің мүдделері көптеген факторлардың әсерінен қоғамдық санада қалыптасқан ұғымдармен тығыз байланысты. Қазіргі жағдайда бұл саяси, экономикалық процестерге әсер ететін ақпараттық сала", – деді Нұртөре Жүсіп.

Ал осы сапардағы әсерімен бөліскен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат қазақ әдебиетінің ерекшелігі қандай деген сұраққа жауап бере кетті.

"Қазақ әдебиеті, бұл – жанның әдебиеті. Қазақ қаламгерлері адам жанына терең үңіліп жазады. Адамның жан дүниесіндегі қайшылықтар, күйзелістер, үнсіздіктер мен ішкі диалогтар қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан тұрақты көрініс тауып жатады. Қазақ қаламгерлері символдарды сөйлетуге шебер. Табиғат көріністерін өте әсерлі етіп жазады. Салт дәстүр мен ырымдар, әфсана аңыздарды да шығармаларына арқау етіп келеді. Бұл ретте мен қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезовті, Жүсіпбек Аймауытовты, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Маилин, Ғабит Мүсіреповтерді атай аламын" - дейді ол.

Бұл мәселеде ақын, филология ғылымдарының кандидаты Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржанның пайымы бөлек.

"Қазір күллі әлемді саясат бір өзі билей бастады. Олай болуға тиіс емес. Әлемдік қоғамдастық саясаттың ғана жемісі болуға тиіс емес. Көркем әдебиет саясаттың астында қалып қоймауы керек. Адам баласы көне замандарда әдебиетті ойлап тапқанда, оны бір-бірімен қарым-қатынас орнату құралы ретінде ойлап тапқаны анық. Демек, қазіргі саясатқа көркем әдебиет араласпаса, әлем халықтары бір-бірімен жауласуын қоймайды. Ел мен елді достастыратын бірден бір мүмкіндік әдебиетте. Сондықтан бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, алдымен Қазақстан мен Америка қаламгерлерінің қоғамдастығын құрып, кейін оған басқа елдер қаламгерлерін де тартып, Әлемдік Қаламгерле қоғамдастығыны құруға шақырамын" - дейді Оңайгүл Тұржан.

Ақын Қазыбек Исаның бұл мәселеде мемлекет тарапынан ұсынылған бағдарламаларға қолдау білдіру туралы ұсынысы құптарлық.

"Елбасының елге серпін берген Рухани Тәуелсіздік бағдарламасы – ел рухын көтерген ерекше құбылыс! «Нар жолында жүк қалмас» деген қазақтың даналық сөзінің туралығын айқындайтын бұл тұғырлы тұжырымдама бойына бұла күш бітірген ұлтымыз лезде жалы көтеріліп, жалындап шыға келді! Мыңдаған жыл тарихы бар Ұлы Дала еліндегі Елбасымыз бастаған Ұлттық Рухани жаңғыру майданында Елдің ертеңі жарқын болып, еңсесі биіктей беретініне сенеміз!" - дейді ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қазыбек Иса.

Қазақстан үшін Батыс әдебиеті мен мәдениетінің де ықпалы айтарлықтай деген Марат Тоқашбаев бүгінгі қазақстандықтардың батыс мәдениетіне де талғаммен қарай бастағандығын айтады.

"Қуаныштысы Батыс мәдениетін бұрынғы кеңес кезіндегідей сол қалпы қабылдай бермей сүзгіден өткізіп қабылдау байқалады. Яғни ұлттық, отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, неғұрлым прогрессивті үлгілер ғана қолданысқа өтуде. Қорыта айтқанда, Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің форумының арқасында халықаралық деңгейдегі бірқатар жобалар қолға алынатын болады. Бұл бір жағынан халықтарды өркениет бағытында дамытуға септігін тигізсе, екінші жағынан халықтар арқылы мемлекеттердің қалыптасуына да ықпал етеді" - дейді Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, танымал журналист Марат Тоқашбаев.

Айта кетейік, атлмыш іс-шара Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесіп ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы өткізілді. Сондай-ақ, Форум аясында Қазақстандық авторларының кітаптарының тұсаукесері мен «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті» атты фотокөрменің таныстырылымы болып өтті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер