BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Академик Рымғали Нұрғалидың құрметіне мемориалды тақта ашылды

Астана қаласы әкімдігі және Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ұйымдастыруымен аса көрнекті әдебиеттанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Рымғали Нұрғалидың құрметіне өзі тұрған үйге орнатылған мемориалды тақта орнатылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Шараға қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев академик Рымғали Нұрғалидың қазақ әдебиетінің дамуына және шәкірт тәрбиелеуде, елордамыз Астананың руханиятына қосқан үлесі туралы айтып өтті.

«Мен де ағамыздың шәкіртімін. Рымғали ағамыздың арқасында университет қабырғасында жүріп Мағжанның өлеңдерін, Міржақып пен Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерімен таныса бастадық. Ағамыздың қазақ ғылымына, өркениетіне қосқан үлесі орасан зор. Ағамыздың Елордаға алғашқылардың бірі болып көшіп келіп, осы қаланың мәдениетіне, руханиятына қосқан үлесін атап айтпау мүмкін емес», - деді Ермек Аманшаев.

Сонымен қатар, ол өзінің де ғалым Рымғали Нұрғалидың жетекшілік етуімен кандидаттық қорғағанын айтып өтті. Р. Нұрғали қазақ театры мен драматургиясының тарихы, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Әуезов және басқа қазақ әдебиеті классиктерінің шығармашылығы туралы іргелі монографиялық еңбектер жазды.

«Бұл іс-шараның тәлімдік, танымдық, тәрбиелік мәні зор. Ағамыз ғылымға ынтасы бар әр қазақтың баласына қамқор бола білді. Әдебиеттегі еңбегі бір бөлек ағамызды театр танушы деп толық айта аламыз. Ағамыз Алматы төрінен Астанаға келгендегі мақсаты - Елордаға қазақи рухты енгізу, оның тарихы мен дәстүрін осы қалаға сіңіру болды. Қаладағы даңғылдар мен көшелерге берілген тамаша атауларда да ағамыздың қолтаңбасы бар», - деді Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Сондай-ақ, академик Сейіт Қасқабасов, теледраматург Сұлтан Оразалин, Еуразия Ұлттық университетінің ұстаздары мен студенттері және шәкірттері қатысты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер