BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Әйгілі «Маржан қыз» әніне кейіпкер болған жан дүниеден өтті

 Маржан Енбаева 1924 жылы Индер ауданы Есбол селосына қарасты «Толыбай» құмында дүниеге келді. Маржан қыз Ағасы Шалабай екеуі әкесі Енбайға жылқы бағысты. Кейін 1944 жылы 19 жастағы Шалабай соғысқа аттанды. Жылқы бағудың барлық мехнаты енді қаршадай қыз бен әкесіне түсті.

«Әкемді жүнжітіп жібергені жылқының жайы емес, жалғыз ұлының соғыста хабар-ошарсыз кеткені болды. Көзі жұмылғанша «Шалабайым келіп қалар» деп елеңдеумен есікке қарап жатты. Ағатайымнан қара қағаз келмеген соң мен де үмітімді жоймадым. Бірақ Шалабай сол кеткеннен оралмады», - деген еді Маржан әжей өткен күндерді еске алып.

Зейнеткерлік жасқа дейін жылқы баққан Маржан Енбаеваның бағымына 1942-1946 жылдар аралығында 237 құлын сеніп тапсырылған болатын. Еңбегі еленіп, оған 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ол кезде Маржан небәрі 24 жаста еді.

М.Енбаеваның ерлігі елді елең еткізбей қоймады. Оның даңқы республикаға жайылып, бірқатар басылымдардың бас кейіпкері болды. Жылқышы қыз ақындардың да шабытын оятты. Белгілі сатирик ақын Садықбек Адамбеков Маржанды өлеңіне арқау етіп «Маржан қыз» өлеңін жазып, оған танымал композитор Әбілахат Еспаев ән жазды. Сөйтіп бұл ән өткен ғасырдың елуінші жылдарында жұртшылықтың сүйікті әніне айналып еді.

Пікірлер