BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Солтүстікте бюджет қызметкерлері үшін «7-20-25» ипотекасының алғашқы жарнасы төмендетіледі

Фото: Автор

Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысының белсенділері Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауын талқылады. Жиын барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов стратегиялық құжатты іске асыру бойынша басым бағыттарды айқындады, деп хабарлайды «Baq.kz» аймақтағы тілшісі.

Елдің басты байлығы – адам. Бұл Елбасының жаңа жолдауының негізгі идеясы. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде солтүстікқазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын көтеру үшін айқын жоспар құрылған.

Өз жолдауында Мемлекет басшысы «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыру тетіктеріне тоқталды. Солтүстік Қазақстан облысында бюджеттік сала өкілдері үшін ипотеканың қолайлылығы артпақ. Жиында айтылғанындай, жергілікті бюджеттен алғашқы жарнаның бір бөлігін субсидиялауға қаражат бөлінеді. Қазір облыста 2011 пәтерге шақталған 16 тұрғын үй салынып жатыр. Биыл 10 көпқабатты баспана халық игілігіне беріледі. 2019 жылы 1500 пәтерлік 12 үй бой көтереді.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша, бюджеттік сала мамандарын баспанамен қамту мақсатында жыл соңына дейін жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бөліп, бастапқы жарнаны 20 пайыздан 10 пайызға дейін азайтамыз. Бөлінген қаражат шамамен 200-300-дей адамның несиесін субсидиялауға мүмкіндік береді», - деді Құмар Ақасақалов.

Петропавл қаласының тұрғыны Санат Есмағұлов – бюджеттік салада қазмет етеді. Мектеп мұғалімі күтпеген жаңалықты қуана қабылдағанын айтады. «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы арқылы алғашқы жарна сомасының екі есе азайтылуы әзіресе жас отбасыларға баспаналы болға мүмкіндік сыйлайтынын айтады.

«Баспаналы болу шарттары жеңілдей түскеніне қуаныштымын. Мәселен, Петропавл қаласынан 10 млн теңгенің пәтерін алатын болсам, бюджеттік саланың қызметкері ретінде алғашқы жарна мен үшін 1 млн теңге болады. Бір отбасында екі адам жұмыс істесе, бұл соманы жинауға болады. Әрине оған да үнемшілдік керек. Соңғы жылдары Қазақстанда жылжымайтын мүлік қолжетімді бола бастады. Соның дәллелі ретінде таныстарымның, достарымның арасында баспаналы болып жатқандар көбейгенін айтқым келеді», - дейді педагог.

Фотолар: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер