BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Президенттің әлеуметтік бастамасын жұмысшыларға түсіндіре алмаған компания басшылығы депутаттан сөз естіп қалды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жұмысшыларға түсіндіре алмаған «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» компаниясының басшылығы депутат Бақытжан Ертаевтан сөз естіп қалды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әбдіров, Павел Казанцев, Бақытжан Ертаев, Жанат Омарбекова «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» компаниясының жұмысымен танысты.

Аталған зауыт елімізде тікұшақтарды құрастырып, оларға техникалық қызметтер көрсетумен айналасады. Сондай-ақ, зауытта Орталық Азия мен елімізге тиісті кадрларды дайындайтын авиациялық білім беру орталығы жұмыс істейді. Ол EC145 тікұшағын басқаратын ұшқыштарды дайындайтын әлемдегі жалғыз орталық болып саналады. Қазіргі таңда мұнде 8 маман білімін шыңдауда.

Депутаттарға зауыттың жұмысын компанияның коммерциялық директоры Тимур Тилинин түсіндіріп берді.

Алайда депутат Бақытжан Ертаевқа компания басшылығына мақтанғанды қойып, нақты істермен шұғылдану қажеттігін атап өтті.

«Көзбояушылықты қою керек. Мұнда қойылған заттар әдемі екен. Молодец! Ал не болды?», - деді депутат коммерциялық директорға.

Осы орайда Ертаев қарапайым жұмысшылармен сөйлескісі келетінін айтты.

Жұмысшылармен әңгіме барысында олардың Президенттің бес әлеуметтік бастамасынан хабары аз екені байқалып қалды. Осы жерде депутат зауытқа жай келмегенін, халықты толғандыратын мәселелерді білу үшін келгенін мәлімдеді.

«Нұрлан Зайроллаұлы (Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин), (аталған бастаманы – автор) бізге халыққа түсіндіріңдер деді. Біз халыққа барсақ, олар ештеңе білмейді. Құр мақтанды қояйықшы! Жасаған ісімізбен мақтанайық. Біз осында жай келген жоқпыз. Сіздердің шеше алмай жүрген мәселелеріңізді білу үшін келдік», - деді ол.

Сондай-ақ, Бақытжан Ертаев елімізде ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылғанын атап өтіп, аталған саланы дамыту үшін білікті кадларға жағдай жасау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған.

«Қорғаныс өнеркәсібін құрдық. Енді осы саланы дамыту қажет. Ол үшін мықты мамандар керек. Сондықтан олардың жұмысын ынталандыру үшін Президенттің бес әлеуметтік бастамасы қолға алынды. Аталған бастама жастарға пәтер беруді, жеңілдетілген несиеге қол жеткізуді әрі білім алуға мүмкіндік беруді көздейді. Олар осыны білуі қажет. Ал жұмысшылар осыны білмей отыр. Білсе де, айтпайды. Себебі, олар «мұның барлығы қағаз жүзінде» деп ойлайды. Сондықтан біз, депутаттар аталған бастаманы халыққа түсіндіруіміз қажет. Біз сіздермен тығыз жұмыс жасауымыз керек», - деп түйіндеді сөзін ол.

Ал депутаттан сөз етіп қалған компанияның коммерциялық директоры Тимур Тилинин алдағы уақытта Президенттің әлеуметтік бастамаларын жұмысшыларға түсіндіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылатынын айтты.

«Біз Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жұмысшыларға түсіндіру үшін арнайы жұмыс тобын құрамыз. Олар жұмысшыларға әлеуметтік бастаманы түсіндіреді. Кейін Мәжілістегі жұмыс тобымен аталған бастаманы жүзеге асырамыз», - деді басшы.

Айта кетейік, «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» компаниясы EC145 тікұшағын құрастыратын ТМД-дағы жалғыз зауыт болып саналады.

ФОТО: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер