BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Депутат «7-20-25» бағдарламасы неліктен дұрыс жүзеге аспай жатқанын айтты

Фото: Informburo.kz

Бүгін төменгі палата отырысында Мәжіліс депутаты Бақтияр Мəкен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевке «7-20-25» бағдарламасына қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Елімізде «7-20-25» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазан жолдауында əлеуметтік-ипотекалық бағдарламаның іске асу барысына көңілі толмайтынын айтқан болатын. «Баспана» ипотекалық компаниясы құрылды, «7-20-25» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілді, ТҮҚЖБ-нің тұрғын үй зайымдарын беру параметрлері қайта қаралды, баспана салынатын аудандарда инженерлік коммуникациялар құрылысына жыл сайынғы қаржыландыруды 80 млрд теңгеден 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды», - деді сауалында Бақтияр Мəкен.

Дегенмен, депутаттың айтуынша, Ұлттық банктің 2018 жылғы 20 қыркүйегіндегі мəліметіне сай, Бағдарлама бойынша 20,2 млрд теңге сомасында ипотекалық несие беруге 1 695 өтінім мақұлданған. Олардың тек 316-сы немесе мақұлданған өтінімдердің 19%-ы ипотекалық несие алған. Дегенмен 2018 жылы 100 миллиард теңге игеріледі деп жоспарланып отыр.

«Бүгінгі күнгі басты кедергі – жаңа үйлерді сатып алу жəне оларды тек құрылыс компанияларынан алу талабы. Сондай-ақ, көпқабатты жаңа үйлердің көбі үлескерлерге тиесілі. Бұл факт «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алу мүмкіндігін шектейді. Бұнымен қоса жаңа үйлердің көбі құрылыс кезінде сатылып кететіндіктен жаңа баспана дефициті байқалады. Бұл жағдайда құрылысшы компаниядан үлескерлік негізінде сатып алынған екінші тұрғын үй нарығына назару аудару қажет деп ойлаймыз. Сондықтан бағдарламаны «үлескерлерден екінші тұрғын үй нарығындағы салынғанына үш жылдан аспаған баспана алу» мүмкіндігімен толықтыру керек. Біз Ұлттық банкке осындай ұсыныс жасап отырмыз. «7-20-25» бағдарламасының шарттарына енгізілетін бұл өзгеріс халықты көптеп қамтуға мүмкіндік береді», - деді Бақтияр Мəкен.

Бұған дейін Мəжіліс депутаты Павел Казанцев «7-20-25» бағдарламасының кемшіліктерін атаған болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер