BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Дәурен Бабамұратов: Бес әлеуметтік бастама – мемлекеттің әлеуметтік мәселелерге шынайы бет бұрғанын көрсетеді

Фото: Рустам Сағадиев

Қызыл апортымен, көз тартар шырайымен, жайлы да жұмсақ табиғатымен, асқар Алатауымен баурап алатын, ару қала Алматы қазір алып шаһарға айналды. Көркейіп жатқанына көз қуанғанымен, әлемдегі ірі мегаполистердің дені басынан өткеріп жатқан мәселелерден орғып өте алмады. Әрине, әңгіме ауаның қатты ластануы, иін тірескен көлік кептелісі, урбанизация, көші-қон, баспана мәселесі жайында болып отыр. Осы және бұдан өзге де түйткілді жайттар жөнінде Baq.kz аймақтық тілшісі Алматы қаласының қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратовпен сұхбаттасты.

Алматы тұрғындарын алаңдатып отырған басты мәселе – қала экологиясы. Қала билігі мұны шешу үшін қандай іс-шаралар жасап жатыр?

Экология Алматыда өте күрделі мәселе екені бәріне мәлім. Қаланың өзі ойпатта орналасқан. Бір жағын орман, бір жағын тау қоршап тұр. Қаланы ластайтын екі нәрсе бар. Біріншісі – жылу электр стансалары (бұдан әрі – ЖЭС). Олар көмірмен жұмыс істейді. Қаланың 2 миллион халқын жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етуі керек, сондықтан жыл он екі ай ЖЭС түтіні будақтап тұрады.

Екіншісі – автокөліктер. Қалада 600 мыңға жуық автокөлік бар. Күн сайын сырттан кіретіні қаншама. Қазір Шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай Алматы арқылы өтіп жатқан транзиттік автокөліктердің барлығы қалаға кіріп, Рысқұлов көшесімен жүріп өтеді.

Осы мәселелерді біз қоғамдық кеңесте үнемі айтып, талқылап отырамыз. Бұл екі бағытта да қала әкімшілігі тарапынан шешімдер қабылданып, бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, Елбасының тапсырмасымен қалалық ЖЭС газға көшпек. Қазір оның барлық сметалық-жобалық құжаттары жасалып қойды. Бұл жақын арада жүзеге асуы тиіс. ЖЭС газға өтетін болса, қаланың ластануы 10 пайызға кемиді.

Транзиттік автокөліктердің санын азайту мақсатында Үлкен Алматы күре жолы салынбақ. Жол салынып бітсе, транзиттік көліктер 20 шақырым жерден қаланы айналып өтеді. Бұл қалаға кіретін автокөліктердің санын елеулі түрде азайтады.

Үшіншіден, қала ішіндегі автокөліктердің санын азайтуға бағытталған іс-шаралар кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Газбен жүретін автобустар сатып алынуда. Қоғамдық көліктің осы түрі таяуда түгелдей газбен жүруі ықтимал.

Бұл шаралар қолдауға тұрарлық. Қаладағы автокөліктердің санын азайту үшін тиімді балама жобаларды ұсынуымыз керек. Айтып та жатырмыз. Қоғамдық көлікпен жүру тиімді болған кезде, адамдардың автокөліктен бас тартатыны анық, сондықтан осы мәселеге баса назар аудару керек деп ойлаймын.

Алматыда қазір таксиден гөрі автобустарға отырған әлдеқайда тиімді. Автобустарға арнайы бөлінген жолмен діттеген жеріңізге тез жетесіз. Бұдан өзге, ұзын-сонар көлік кептелісін азайтудың қандай жолдары қарастырылып жатыр?

Меніңше, қоғамдық көлік барынша тиімді болуы керек. Ол үшін метро, такси, салынғалы жатқан жүйрік жеңіл рельсті транспорт (ЖРТ), автобус бағыттары кешенді түрде дамуы тиіс. Ыңғайлы, арзан, қалаған жеріңе оңай жететін, тез және уақтылы жүретін автобустарға елдің бәрі отыратыны анық.

Қыстың ызғары кетіп, көктемнің күні жылына бастағанда ұдайы су басу мәселесі алдымыздан шыға береді. Тау қары еріп, өзендер таси бастайды. Қаланың ішінде де еріген қар суы кейбір үйлерді алып кетіп жатады. Осының алдын алуға болмай ма? Бұған қарсы жасалынып жатқан шараларға көңіліңіз тола ма?

Былтыр біз қоғамдық кеңесте осы мәселені қарастырып көрдік. Мұны шешудің бірден-бір жолы – арық жүйесін реттеу. Арықтардың бәрі таза, арнасы кең болса, су оңай ағып кетеді. Арық жүйесіне қала бюджетінен қомақты қаражат бөлініп отыр. Мәселен, қалаға жаңа қосылған Наурызбай ауданында бұрын мүлдем арықтар болмаған екен.

Сонымен қатар арықтардың іші тазаланып жатыр. Арықтардың жолын бөгейтін құрылыстар салынып жатқанын да байқап қаламыз. Әсіресе, қалаға жаңадан қосылған ауылдарда мұндай ғимараттар көп. Маңайындағы, ауласындағы арықтың тазалығына халықтың өзі де жауапты. Үлкен жауапкершілік – ПИК-терде (пәтер иелерінің кооперативі). Су аулаларды, жер үйлерді басып қалады. Көбіне олардың жұмысы жүйесіз болып жатады.

ПИК жұмысын қалай реттеуге болады?

ПИК басшыларын сайлайтын халықтың өзі. Әр аула ПИК жұмысын өзі бақылап отыруы керек.

Өзіңізге мәлім, Алматы қаласы сейсмикалық аймақта орналасқан. Жиі жер сілкінеді. Ғимараттардың бекемдігін арттыруға қатысты қандай жұмыс атқарылып жатыр?

Біз біраз ғимаратты аралап көрдік. Алдымен, әлеуметтік ғимараттар – мектеп, балабақша, ауруханалар жөндеу жұмыстарынан өтеді. Сейсмоқауіпсіздік шаралары жасалынуда. Одан басқа әкімшілік не істей алады? Ештеңе! Бұрын салынған үйлерді бұза алмайды. Әсіресе, 1990-жылдары бей-берекет салынған үйлер, ғимараттар да бар. Жаңа салынып жатқан үйлер болса, сейсмикалық сынақтардан өткізіледі.

Мұндай жағдайда әкімшіліктің қолынан келетін нәрсе – сақтану жаттығуларын тұрақты түрде өткізіп тұру. Зілзала болған жағдайда халық дереу жиналуы тиіс қауіпсіз аймақтарды білу керек. Әрқашан дайын болуы керек. Басқа амал жоқ.

Алматы қаласында мектеп, балабақша жеткілікті ме?

Өкінішке қарай, жеткілікті деп айта алмаймыз. Қаламызға әлі де мектептер, балабақшалар керек, себебі Алматы халқының саны тез өсуде. Қателеспесем, жыл сайын қала халқының саны 50 мың адамға артып отырады. Әрбір мың балаға жаңа мектеп керек. Әрбір 300 балаға балабақша қажет. Мектеппен, балабақшамен қамтамасыз ету – Алматы қаласы үшін өте өзекті мәселе. Үш ауысыммен оқитын мектептер жоқ емес. 2 мың, 2,5 мың бала оқитын мектептер де бар. Әрине, қажеттілік бар.

Қала әкімі Бауыржан Бәйбек Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын орындауға әзір екенін мәлімдемеді. Мұны жүзеге асыруға Алматы қаласының әл-ауқаты жете ме?

Толық жетеді деп ойлаймын. Өз басым Елбасының осы бастамасын қолдаймын. Бұл мемлекеттің әлеуметтік мәселелерге шынайы бет бұрғанын көрсетеді, сондықтан мұны әлеуметтік бетбұрыс деп атауға болады. Бес бағдарламаның бесеуі де маңызды. Негізінен, бюджеттік қызметкерлерге арналып отыр. Былтыр Алматы жастары аясында 100 шақты отбасыға 5 пайызбен де кредит берілген болатын. Меніңше, бұл – қалалық әкімшіліктің қолынан келетін шаруа. Бес бағдарлама бойынша да Алматы қаласында тәуір іс-шаралар атқаруға болады.

Қоғамдық кеңес атқарған жұмыстарға тоқталып кетсеңіз...

Қоғамдың кеңестің басты міндеті – қала билігі мен халық арасында көпір болу. Қала билігі тарапынан әлімжеттік болса, тиісті басқармалар халықтан алшақтап бара жатса, жөнге саламыз. Халықтың назын, наразылығын, ой-пікірін билікке жеткізіп, оң шешім табуға атсалысамыз. Біз келіп жатқан хаттардың барлығымен жұмыс жасап жатырмыз. Нәтижесі жаман емес.

Нақты мысал келтіріңізші.

Бұдан бір апта бұрын еңбек қатынастарына қатысты кеңес өткіздік. 40-қа тарта ұсыныс жинадық. Қоғамдық тыңдауда айлықтарын ала алмай жүрген адамдардың мәселесін қарадық. Осы бағытта тексеріс жүргізіп жатырмыз. Шешіліп жатқан мәселелер де бар.

Халық сыншыл келеді. Әсіресе, әлеуметтік желілерде қала әкімдігіне қатысты сын жиі кездеседі. Сіздер әкімдіктің іс-әрекетін ұдайы қадағалап отырасыздар. Қандай баға бересіз? Жақсы жағы қайсы, кемшін тұсы қайсы?

Өз басым айтылған сындарды дұрыс қабылдаймын. Сын әрқашан қажет. Халықтың сынын дұрыс қабылдау ләзім. Сын көтере алмайтын адам мемлекеттік қызметтен аулақ жүруі тиіс. Мемлекеттік қызметкер қашанда оған дайын болуы керек және айтылған сындарға лайықты жауап бере білуі қажет. Менің ойымша, Бауыржан Байбек мырзаның командасы да, өзі де қала игілігі үшін тәп-тәуір шаруа атқарып жатыр. Қызметін жағымды деп бағалауға болады. Расында, атқарылар шаруа қыруар.

Елбасы Жолдауында смарт-сити жайында айтып кетті. Алматы қаласы технологиялық дамуда көш басында тұруы керек. Өмір сүруге барынша қолайлы, еңбек етуге ыңғайлы қала болуы шарт. Ыңғайлы қаланың ішінде жақсы балабақша да бар, жақсы мектеп те бар, жұмыспен қамтамасыз ету де бар, заманауи қоғамдық көлік те бар. Осының бәрі қамтылады.

Әрине, кемшіліктер жоқ емес. Қоғамдық көлік әлі де реттеуді қажет етеді. Елбасы айтып кеткен жатақхана мәселелері де оңтайлы шешілуі тиіс. Кемшін тұстарын байқасақ, ұдайы ескертіп отырамыз. Қалада 30-ға жуық басқарма бар. Оның бәрі керемет жұмыс жасап жатыр деп те айта алмаймыз. Сынға лайықты жауап беру биліктің іскерлігін көрсетеді.

Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер