BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 346.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 404.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.47
Астана:

7 пайыздық ипотеканы төлем қабілеті бар қазақстандықтар ғана рәсімдей алады – Ұлттық банк 

Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы аясында баспана 7 пайызбен ұсынылатын ипотекалық несиені рәсімдеуге тек төлем қабілеті бар қазақстандықтар қатыса алады. Бұл жөнінде бүгінгі Үкімет отырысы барысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Тұрғын үй бастамасының жаңа мүмкіндіктері әрбір азамат үшін жеңілдік шарттарын ұсынады. Алайда, бұл бағдарлама масылдықтың туындауына себепші болмауы керек. Бағдарламаның қаржылық шарттары болашақ қарыз алушының төлем қабілеттілігін талап етеді. Бағдарламаға ресми табысы бар Қазақстан азаматы қатыса алады. Оның өлшемдері қазір банктермен пысықталуда», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Данияр Ақышев, сондай-ақ, республика бойынша баспана бағасы әртүрлі болғандықтан, бағдарламада ірі қалалар мен аймақтар бойынша тұрғын үй құнының жіктелуі де есепке алынатынын айтты.

«Мысалы, баспана құны 7 млн теңге көлемінде болса, ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды. Бұл, жалпы, жұмыс істейтін қазақстандықтардың басым көпшілігі үшін қолайлы. Сонымен қатар, жеңілдікті және ипотекалық несиелер толық қамтамасыз етілген және қайтарымды болуы керек. Ипотекалық қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бойынша соңғы жылдары енгізілген бірқатар нормаларды қайта қарастыру керек болады. Сондықтан, Ұлттық банк үкімет қарауына қажетті заңнамалық түзетулерді жолдайтын болады», - деген Д.Ақышев аталған өлшемдер бағдарламаның жобасы екенін және алдағы уақытта олардың барлығы мемлекеттік органдар және банктермен талқыланатынын ескертіп айтты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер