BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

5 әлеуметтік бастама: Жетісуда қандай жұмыс жасалмақ?

Фото: zhetysu.gov.kz

«Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын» жүзеге асырудың негізгі салмағы аймақтарға түседі, себебі баспанаға мұқтаж адамдар, жалақысы төмен жұмысшылар, білім алғысы келетін жастар мен жатақханаға қолы жетпей жүрген студенттердің үлесі облыстарда басым, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің аймақтағы тілшісі.

Президент жүктеген 5 бастаманы қолдау мен орындау әрбір әкімнің міндеті ғана емес, іскерлігіне сын болмақ. Ал әдетте шаруаға келгенде қамшы салдырмайтын әкімдердің қатарында жүретін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Елбасының әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға құлшына кірісіп кетті. Ол 8 наурыз мерекесіне орай жарияланған демалыс күндеріне қарамастан, орынбасарлары мен басқарма басшыларына «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыруға байланысты «Жол картасын» әзірлеуді тапсырып, 12 наурызға дейін нақты жоспар әзірлеуді талап етті.

«Мемлекет Басшысы әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған 5 бастамасын ұсыну арқылы еліміз үшін өзекті, әлеуметтік салаға жаңа серпін беретін шараларды іске асыруды міндеттеді. Бұл көптен күткен, бәріміздің ойымыздан шыққан бастама болды. Президентіміз оны іске асыру үшін ел экономикасының толық мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Енді сол бастамаларға нақты тоқталып, атқаратын жұмыстарымыздың бағыт-бағдарын нақтылап алуымыз қажет», - деді Амандық Баталов.

Ендігі жерде Баталов командасының мерекелік көңіл-күйінің жемісін әлеуметтік бастамалардың оңтайлы орындалуынан байқайтын боламыз. Ал ұсыныстарда нақтыланған 5 бағыттың жүзеге асуына негіз болатын іс Жетісуда жоқ емес. Мысалы, халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары бойынша облыс республика бойынша алдыңғы орында. Өткен жылы баспа салу бойынша жоспар 5,7 пайызға артығымен орындалды. Аумағы 646 мың шаршы метрді қамтитын тұрғын үй кезегін күткен адамдарға берілді. Жалпы аймақтағы баспанаға мұқтаж адамдардың саны 40 мыңның үстінде.

«Облыста құрылыс қарқынды жүргізілгенімен, үй бағасының тұрғындарға қолжетімді болуы қиындық келтіретін. Адамдардың ипотека мен несиеге қол жеткізуі оңай болмады. Енді Елбасы ұсынған «7-20-25» бағдарламасы арқасында жерлестеріміздің баспаналы болуына жағдай жасалады», - дейді Амандық Баталов.

Алматы облысы аграрлық аймақ болғандықтан, негізінен ауыл шаруашылығында еңбек ететін адамдардың табысы да жоғары емес. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдардың үлкен тобы бар. Демек, жалақысы төмен топтың қарасы қалың. Табыс салығын 1 пайызға дейін азайту бастамасы жетісулықтардың бұл мәселесін шешетіні анық.

Білім алуға бөлінетін грант санының көбеюі оқуға ынталы жастардың қатарын да көбейтетіні анық. Қазір аймақтағы Жетісу мемлекеттік университетінің күндізгі бөлімінде 3 мыңнан астам студент оқып жатыр. Олардың жатақханамен қамтамасыз етілуі мәз емес. 2 жатақхана корпусы бар, олар тек 500 адамды қабылдай алады. Мұның сыртында Талдықорған, Талғар қалаларындағы кәсіптік білім беретін арнаулы оқу орындарының студенттері де жатақхана тапшылығын сезінуде. Демек, облыс әкімінің әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру бойынша атқаратын ісі шаш етектен.

Президенттің «Шағын несие беруді көбейту» бастамасы да жетісулық кәсіпкерлер үшін қолайлы. Облыс бойынша былтыр жалпы құны 4,3 миллиард теңгені құрайтын 840 шағын несие таратылған. Бірақ, есептелген қаражат жетпей қалып, 3148 адам қаржыдан қағылды.

Жалпы Амандық Баталовтың әкімдік қызметінде ерекше есте қалатын жаңалық ретінде облыс орталығына табиғи газ желісін тартуды толық аяқтау ісін айтуға болады. 2020 жылы аймақты көгілдір отынға қосу жұмыстары толықтай аяқталады деп күтілуде. Қазір 11 ауданда табиғи газ бар. Елбасы ұсынған 5 әлеуметтік бастама аясында газдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінетін болады. Қазіргі күні Талдықорған қаласының аумағына келіп, тоқтаған газ құбыры желісін Алакөл, Сарқан, Ақсу сияқты шалғай аудандарға да тарту мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Яғни, 5 әлеуметтік бастама бойынша Жетісуда ауқымды жұмыстар атқарылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер