BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Бейбіт ОРАЛҰЛЫ: ӘКЕМ СӘКЕН СЕЙФУЛЛИНМЕН МАГАДАНҒА БІРГЕ БАРҒАН...

– Кәсіби композитор, кәсіби музыканттың қызметсіз жүргені біртүрлі екен...
 

– «Боз жорға» атты Өнер орталығым бар. Сол орталықта бірнеше жастың басын қосып, «Тамсан» атты төрт қыздан тұратын вокалды топ құрдым. Жақында сол қыздар Санкт Петербургтегі «Парад Планеты» атты конкурстан бірінші орын алып келді. Үйде бос жатқаным жоқ, өзімнің студиямда әндер жазамын. Бірақ, соңғы кездері тұрақты бір мекемеге жұмысқа тұру жайлы ойлана бастадым. Өйткені 4-5 жылда зейнет жасына келеді екенмін. Әйткенмен қазір «келе қал» деп мені жұмысқа шақырып тұрған ешкім жоқ. «Мені алыңыздаршы», – деп біреудің алдына баратын жастан да кетіп қалдым. Сұранып жүретін сұраншақтардың қатарынан емеспін. Орысша айтқанда, «скромный» адаммын. Өзімді, шығармашылығымды жарнамалауға жоқпын. Мінезім сондай болғасын ба, табиғатыңнан аса алмайды екенсің. 1997 жылы «Боз жорға» әнімді Ресейдің «НА-НА» тобы орындап, ән бүкіл халыққа тарап, қазіргі тілмен айтқанда хит болды. Сол жылдары «НА-НА» тобы түрлі мерекелік шараларға қатысып, біздің елде біраз уақыт жүрді. Сонда топтың Мәскеудегі жетекшісі Бари Алибасов жолдастарыма: «Передайте ему он очень скромный человек, так жить нельзя», – деп айтып кетіпті... Ақындарға қарағанда композиторларда қарапайымдылық басым ба деймін. Ақындар трибунаға жақын келеді. Композиторлар өзіміздің танымалдығымызды емес, туындымыздың танымалдығын басты орынға қоямыз. Өзге композиторларды білмеймін, өзім сондаймын.
 

– 1997-98 жылдары «Нұр бейнең», «Алғашқы көктем», «Боз жорға», «Мәңгі көктем» т.б. әндеріңіз халыққа кеңінен танымал болды. Ол кезді сіздің «жұлдызды жылдарыңыз» деуге болар. Соңғы уақытта Бейбіт Оралұлының жаңа әндерін естімей жүрміз. Неге?


– «Шығармашылық тоқырауға ұшырап қалмадыңыз ба?», – деп сипақтатып отырсың ғой. Тоқырағаным жоқ, қайта екінші тынысым ашылып жатыр десем артық емес. Жаңа әндерім бар. Бірақ, жас әншілердің көбісі менің әнімді айтқысы келмейді. Айта алмайды себебі, мүмкіншіліктері аз. Әндерімнің басым көпшілігі конкурсқа арналған әндер. Бұған дейін менің әнімді Роза Рымбаева, Алтынай Жорабаева, Гауһар Қаспақова, Өмірқұл Айниязов, Аллаберген Жақсыбаев сынды диапазоны кең, потенциалы мықты әншілер орындады, қазір де орындап жүр. Ал қазіргі жас әншілер менің әндеріме жоламайды. Өйткені, қазіргі эстраданың бағыты басқа. 2000 жылдан біздегі эстрада кенеттен басқа жолға бұрылып кетті. Сахнаны жеңіл, тойда шырқалатын әндер жаулап алды. Ақшасы бардың бәрі әншілікке ұмтылған заман болды. Өнердің құнсызданып бара жатқанына қынжыламын. Бір сөзбен айтқанда, ән құдіреті деген түсінік қалмай барады. Жеңіл-желпі дүниеде құдірет қайдан болсын?! Соңғы кезде байқап жүрмін, халық тойдың әндерінен, Заттыбектерден де шаршады-ау деймін, құлағын қайтадан кең тынысты, тыңдаушысына ой салатын әндерге бұра бастады. Инструментальды аспаптарда өздері ойнап, жанды дауыста айтатын ансамбль, топтар дүниеге келуде, мен соған қуанамын.


– «Жақсы әнді халық өзі екшеп алады, сондықтан қандай әннің болсын айтылғаны дұрыс» деген пікір қалыптасып кетті бүгінде. Жақсы дүниені екшеп үлгермей, халық арзан әннің соңында, тобырлық мәдениетке ілесіп бара жатқан жоқ па осы?


– Кез келген өнер адамы халықтың жетегінде кетпеуі керек, халықты жетелеуі керек. Мен осыны он бес жылдан бері айтып келемін. Тойдың әні халыққа ұнайды екен деп, сахнаға тойдың әнін айтатындарды шығаруға болмайды. Қазір бәрі Заттыбектің шығарған әнін тыңдап жүр. Жұрттың бәрі Қайрат Нұртас орындайтын «Ауырмайды жүректі» айтады. Бүгінде Нұрлан Еспанов, Бауыржан Есебаевтардың әндері ауыздан түспей тұр. Заттыбекті насихаттап, эфирден соның әндерін бере бергеннен кейін халық тойдың әніне ілеспегенде қайда барады?! Талғамсыз журналистер-ақ жұртты адастырып жіберді. Мен барлық істе кәсібилікті бірінші қоямын. Өзім кәсіби музыканттар Бейбіт Дәлденбай, Қуат Шілдебаев, Байғали Рыспанбетов, Ринат Әубәкіров, Ринат Гайсин, Лұқпан Жолдасовтардың шығармашылығын қатты сыйлаймын. Бізге қоғамның талғамын өсіру қажет. Қазіргі мәдениетіміздің сыйқы 1960 жылдардың шамасында болып тұр. Руханиятымыз азып кетті. Қазақ эстрадасының тағдыры нота білмейтін композиторлар мен компьютерді жақсы меңгерген 2-3 аранжировщиктің қолында қалды.

 

МАҒАН ӨНЕР АРҒЫ АТАЛАРЫМНАН ДАРЫҒАН БОЛАР

– Қазір екі ән шығарған адам да өзін композитормын дей беретін болды. Композитор деп ауыз толтырып айту үшін ән шығаратын адам қандай шарттарға сай болуы керек сіздіңше?!


– Кеңес заманында Композиторлар Одағына мүшелікке қабылдану үшін міндетті түрде консерваторияның композиция бөлімін тәмамдау керек болатын. Инструментальды аспаптар бөлімін тәмамдасаң да, композиция курсын аяқтамайынша, Одаққа жолатпайтын. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін бұл үрдіс үзіліп қалды. Мені Композиторлар Одағына Еркеғали Рахмадиевтің өзі алып келіп, Одақ мүшелігіне Еркеғали және Кеңес Дүйсекеев ағаларымыздың рецензиясымен қабылданғанмын. Онда да «Бейбіт Оралұлының әндері халықаралық конкурстарда орындалып, әлемдік сахнада қазақ әні шырқалды» дегенді негізге алды. Қазір нота білмесе де, ән жазатын адамдар көбейді, олар өздерін композитормын деп есептейді тағы. Компьютер бәрін жасап береді. Екі-үш тактыны біріктіріп, мелодия тудырғанына мәз көбісі. Қазір өнер адамдарының көбінде шығармашылық ұжымдасу байқалады. Сондықтан олар бір-бірімен топтасып, ұйымдасып жүреді. Тойларға бірге шығады, әндерін бір студияда жазады. Бұрын мұны жершілдік пе десем, бұл нарық талабынан туған өлместің қамы екен.


– Сіз қай әншілердің тобындасыз сонда?


– Жаңа «Боз жорға» атты орталығым бар деп айттым ғой. «Тамсан» атты төрт қыздан тұратын топпен және жас әншілермен жұмыс істеп жатырмын. Тойларға, концерттерге, корпоративтік кештерге шығамыз.


– Жөн екен. Бейбіт аға, «дежурный» сұрақ болса да қояйын, өнер сізге кімнен дарыған? Отбасыңызда әншілікке, композиторлыққа жақындары ма?


– Көрнекті композитор, дирижер Ахмет Жұбановпен туыстық жақындығымыз бар. Менің атам Бірімғазы мен Ахмет Жұбановтың аталары бір рудың ұрпақтары. Бірімғазы атам би болған кісі. Бірімғазының әкесі Қарашолақ Ақтөбенің Темір уезінің болысы болған өз заманында. Ал Қарашолақ – Қосуақтың баласы, заманында әкесі Қосуақтың басына елде жоқ үлкен құлпытасты Ақтаудан, теңіздің түбінен алдырған екен. Содан сол ауыл Қосуақтам қыстауы аталып кеткен. Ағайынды Жұбановтар Қосуақтамда дүниеге келген. Қысқасы, бәріміз Назар ұрпағынан тараймыз. Әкем де өнерге жақын кісі болатын, жыршылығы да бар еді. Өнер маған арғы аталарымнан, әкемнен дарыған шығар. Серік деген ағам күйші болатын, бірақ ғұмыры қысқа болды. Қарындасым Ләззат Опера және балет театрының әншісі. Әкем 1938 жылы 28 жасында «Халық жауы» атанып, айдауда болды. «Магаданға айдалып бара жатқанымызда арамызда Сәкен Сейфуллин де болды, көрші вагонда отырды», – деп айтатын. «Ой, сіз де қайдағыны айтады екенсіз, Сәкен Ілияс, Бейімбеттермен бірге 1938 жылы атылып кеткен», – деп кітаптан оқығанымызды айтып сенбейтінбіз. Сонда әкем: «Кітапқа сенесің бе, жоқ туған әкеңе сенесің бе?», – деп ашуланатын. Біз әкеміздің айтқанына сол күйі мән бермей, елемей өттік. Әкем жыршы болған кісі дедім ғой, тілінің уыты болған соң, көңіліне жақпаған нәрселерді ауыл арасында өлеңге қосатын. Ал ол уақытта жүйеге қарсы сөйлеген адамды бірден ұстап әкетеді екен. Сөйтіп 1945 жылы Магаданнан оралып, анамызға үйленген. 1951 жылы әкем тағы да ұсталып кетіп, 1953 жылы ғана қуғыннан құтылды. Содан кейін өмірге Әділхан, Серік ағаларым, олардың соңынан мен келдім, менің артымнан бес қыз ерді. Әкемнің Сәкен Сейфуллин туралы айтқан дерегіне құлақ түрмегеніме, сенбегеніме өкінемін. 2006-2007 жылдары Қазақ радиосында музыкалық редактор болып істеп жүргенімде «Сәкен Сейфуллин 1938 жылы атылмаған, Сәкен Сібірге айдалған, сүйегі Магадан облысының Ягодный селосынан 40 шақырым жерде болуы мүмкін» деген дерек шықты. Бұл ақпараттың анық-қанығын білу мақсатында арнайы экспедиция құрылды тіпті. Сонда әкемнің «Магаданға айдалғанда Сәкенді көрдім» дегені тегін емес болғаны ғой. Ол кісі бекер шырылдамапты деп, кезінде сенбегенім үшін әкемнің аруағынан кешірім сұрай бердім... Әкем 1978 жылы дүниеден озды, өкініштісі тарихи деректердің ашыла бастағанын көрмей кетті.

 

«ЛАҚ ДАУЫСТЫЛАРҒА» ҚҰЛАҒЫМ ҚАНБАЙДЫ

– Әншілерге ән берген уақытта танымалдылығына, талантына қарайсыз ба, қалтасына қарайсыз ба?!


– Әрине талантына қараймын. Бізде қоңыр дауысты әншілер азайып кетті. Ер азаматтардың көбісінің дауысы жіңішке, тенор дейді оны музыка тілінде, ал қазақша айтқанда «лақ дауыстылар» көп. Менің лақ дауыстыларға құлағым қанбайды. Кезінде оркестр, ансамбльдермен айтатын баритон дауысты әншілер көп болатын, эстрада-симфо жанрында... Қазір де баритон дауысты әншілер бар, мысалы, Аллаберген Жақсыбаев, Есенгелді Ырзалар. Бірақ, неге екені белгісіз, дауыстары жақсы болса да, олардың әндері көп қабылданбайды. Эстрадада жүрген жастарды талантсыз деп айта алмаймын, әйтсе де көбінде ізденіс жоқ.


– Әңгімеңіздің ауанын бақсам, қазіргі эстрадаға көңіліңіз толмайтын сияқты ғой...


– Көңілім толмайды деп айтуға хақым жоқ. Халықтың көзайымына айналған әншілер жоқ емес, бар. Бірақ, бізде еліктеушілік көп. «МузАРТ» ВИА-сы – қазіргі ең жақсы топтардың бірі. «Заман», «Ринго», «Алашұлы» топтары көңілімнен шығады, жаңа форматта жұмыс істеп жүр. «МузАрт» шыққалы бері, соларға еліктеп, 3-4 жігіттен құралған, бір-бірінен аумайтын топтар қаулап кетті. Олардың өскені өсіп, өшкені жарым жолда өшіп жатыр. «Мұнарлан», «Аламан» деген топтардың қайда жүргенін ел білмейді қазір. Мен өнерге кездейсоқ келгендерден қорқамын. Кейбір адамдардың Алмас Кішкенбаевтың әндерін онша ұнатыңқырамайтынын байқаймын. Ал мен нағыз кәсіби әнші сол дер едім. Қалай десеңдер де, Алмас кәсіби әнші. Нұржан Керменбаев, Қайрат Түнтековтер де кәсіби. Олардың ізденістеріне ризамын, жанды дауыста орындау шеберлігі жағынан көп әншілерден озық. Роза мен Мақпалдан бөлек, мен Мейрамбек Беспаев, Алтынай Жорабаева, Жанар Дұғалова, Мөлдір Әуелбековалардың ән орындау шеберлігіне тәнтімін. Гауһар Қаспақова «Алғашқы көктем», «Сүйеді екем», «Неге?» деген бірнеше әнімді айтты. Қазақ эстрадасына осындай талғамы биік, жан-жақты, кең диапазонды әншілер керек.


– 150-ге жуық ән жазыпсыз, хит болған әндердің көпшілігі сіздікі. Потенциалымды барынша көрсеткен әнім деп қай әніңізді айтар едіңіз?


– «Нұр бейнең» (Роза Рымбаева және «Парасат» тобы), «Жүрегім» (Нағима Есқалиева), «Елім-ай» (Өмірқұл Айниязов), «Мұны неге білмейсің?» (Алтынай Жорабаева), «Жем бойы» (Ерболат Құдайбергенов) деген әндерімді атар едім. Мені танытқан «Боз жорға» деп ойлайды көбісі. Ал өзім Бахтияр Тайлақбаев орындайтын «Ауылға» деген ән дер едім. Бұл ән мені ғана емес, Бахтиярды да танытты. Тайлақбаевтың «визиткасы» осы ән деуге болады. Потенциалымды барынша көрсеткен әндерімнің бірі – Шөмішбай Сариев жазған «Төрлет елге, кел ғасыр» деген ән. Оны Роза Рымбаева, ГауҺар Қаспақова, Медеу Арынбаев үшеуі бірігіп орындаған. 150 әнімнің кемінде 30 шақтысы халыққа кең тараған, қазіргі тілмен айтқанда хит болды. Бірақ, қынжылатыным – кейінгі жас әншілер әнді жазған композитордың, сөзін жазған ақынның атын сахнадан айтпайды. Әндерімді берген кезде: «Менің әнім екенін айтып жүріңдер, кімнің әні екенін халық ұмытып қалмасын», – деп қалжыңға сүйеп болсын айтып қоямын. Бірақ соны көбісі ұмытып кетеді.


– Өзіңізді бүгінгі таңда сұраныстағы композитор, сұраныстағы музыкантпын дей аласыз ба?


– Сұраныста емеспін. Оның себебі – менің әндерім ауыр, көбісі конкурсқа арналған. Ал қазіргі әншілерге жеңіл, секеңдейтін тойда айтатын ән керек. Ал халықаралық конкурстарда әндеріме сұраныс бар, оны білемін. Алтынай Жорабаева менің әніммен Америкада, Каирде, Эстонияда, Болгарияда, Латвияда, Қытайда өткен халықаралық конкурстарға қатысып, лауреат атанды. ГауҺар Қаспақова, Жанар Дұғаловалар әндерімді Шанхайдағы фестивальге алып барды. Гүлнұр Оразымбетова «Толғауды», Аллаберген Жақсыбаев «Күн мен Ай» әнін Болгарияда әуелетті. Қысқасын айтқанда, Америка мен Азия елдері сахналарының біразында әндерім шырқалды. «Алғашқы көктемді» «Азия Дауысында» Филиппиннің, Монғолияның әншілері айтты. «Боз жорғаны» Ресейдің «НА-НА» тобынан бөлек, Шри-Ланканың әншілері де орындады. «Сен алғаш» пен «Сүйеді екем» әндерімді Эстония мен Швецияның әншілері айтты. Осы көктемде наурыздың 25-і мен 30-ы аралығында Вена мен Прагада болған «Parade of Stars» атты Халықаралық конкурста Мирас Абди деген жас әнші «Қайырлы таң, Қазақстан» әніммен екі конкурстан да I орын алды. Альбина Жеткерген деген тағы бір әнші 30-сәуірде Мәскеудегі «Детская новая волна» конкурсының жартылай финалына өтті. Мен әндерімді әдейі күрделі етіп, конкурсқа арнап жазбаймын, жан-дүнием жеңіл-желпі әуенді қаламайды. Ал қарапайым тыңдарманға жеңіл, ырғақты әндер ұнайды. Менің әндерімді айтса, әншілерге тойға шақырту болмай қалады ғой. Әншілерге де табыс керек, нан табу қажет. Менің шығармашылығыма сұраныстың аз болып тұрғаны сондықтан шығар.

 

АТАҒЫМ ДА, ШАТАҒЫМ ДА ЖОҚ

– «Ставкасы» ең жоғары болып, қымбатқа бағаланған әніңізді жасырмай айта аласыз ба?


– Әнімді сатпаймын дегенге қазір ешкім сенбейді. Ең қымбатқа бағаланды деп «Көңіл назы» атты эстро-симфо мен оркестрге арнап жазылған классикалық шығармамды айтар едім. Бұл әнді 3000 долларға жаздым. Біраз бұрын циклды ән жазып джип мінгенім бар. Өмірзақ Сәрсенов деген кәсіпкер ағамыз «Үш Жампоз», «Бақанастың батырлары», «Балам Сәрсенге», «Ой жиямын», «Ақжүніс» атты әніме ризашылығын білдіріп, көлік сыйлады. Жалпы мен өнеріме де, өміріме де разы адаммын. Композитор деп халық төбеге көтеріп, туған жерім Ақтөбеден жергілікті әкімшілік үй беріп, астыма көлік мінгізді. Алматыда да өнер адамдарына үй берілгенде, баспанаға қол жеткіздім. Құдайға шүкір, біраз жақсылық көрдім.


– Бірақ атақ жағынан жұрдай екенсіз ғой...


– Оның рас атақтан жұрдаймын, атақ алуға онша тырыспадым. «ҚР Мәдениет қайраткері», «Еңбегі сіңген қайраткер» дегендерге ұмтылмадым. «Атағым да, шатағым да жоқ» деп қалжыңдаймын ылғи. Әндерім «Славян базары», «Алтын Орфей», «Новая волна» сынды халықаралық конкурстардың біразында жүлделі орындар алып келді. Бірақ бір қызығы – менің әндерімді орындаған Алтынай Жорабаева, тағы басқа жас әншілер «ҚР Еңбегі сіңген қайраткері» атанып үлгеріпті, сондай кездерде ойланып та қаласың. Мұны олар бұл атаққа лайық емес деген мағынада айтып отырған жоқпын, тек композиторлардың еңбегін тірі кезінде бағалау керек. Осындай кезде Шәмші ағам есіме түседі...
 

 

Әңгімелескен – Қарлыға ИБРАГИМОВА
 

Пікірлер