BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.3 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

«Қайратты» енді Пепе жаттықтырады

Осыған байланысты «Қайрат» футбол клубының басшылығы Алматыда футбол­сүйер қауымға арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің бірқатар сұрақ­тарына жауап берді.

– Дмитрий Огай бас бапкерліктен кеткенімен, ол «Қайратпен» қоштасқан жоқ. Біз оны командадан қумаймыз, — деп бастады баспасөз мәслихатын «Қайрат» футбол клубы Бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев. – Огай да, оның көмекшісі болған Евгений Кузнецов та қаласа клубтың жаттықтырушылар құ­рамында қала береді. Тек жаттықтыру­шылардың бірі болған Сергей Кулинич қана арыз жазып, өз еркімен клубтан біржолата кетті. Ал командаға бір өзгерістің қажеттігін сезіп, Бақылау кеңесінің шешімі­мен испандық маман Хосе Перес Серерге таңдау жасадық.

Испания футбол аренасында Пепе деген атпен танымал бұл маман 1966 жыл­дың 5 мамырында дүниеге келіпті. 1981 жылдан бастап «Барселона» футбол клубында доп теуіп, 1989-1993 жылдар аралығында «Мальорка» сапында ойнаған. «Валенсия» клубында да өнер көрсетіп, ең соңында жасыл алаңдағы ғұмырын «Вильяреал» сапында аяқтаған. Одан кейін бапкерлік қызметке ауысқан Пепе «Вален­сияның» жаттықтырушылар кеңесінде алты жылдай қызмет атқарған екен. Бес жыл «Барселона» футбол клу­бында бап­керлік қызмет атқарып, өткен жылы «Бар­селонаның» Оңтүстік Кореядағы футбол академиясының директоры болып та­ғайын­далған.

– Менің ең басты мақсатым – тек жеңіс. «Қайратты» тек жақын шетел ғана емес, бүкіл әлем білетіндей дәрежеге көтерсем деген мақсатпен Алматыға келіп отырмын. Футболдағы ең сүйікті схемам – 4-3-3 жүйесі, – деп бастады көпшілікті бірден өзі­не баурап алғысы келген бас бапкер.

Дегенмен, Қайрат Боранбаевтың ай­туынша, бас бапкерліктен үміткер ма­мандар көп болыпты. Оны көпшілікке ашып, жасырмай айтқан клубтың Бақылау кеңесінің төрағасы тіпті үміткерлердің есімдерін тізіп те берді.

– Несін жасырайын, кезінде Ресей құ­рамасының қақпашысы болған Сергей Овчинников, атақты Валерий Газаевтың туысы Юрий Газаев сынды мамандар осы мақсатта Алматыға арнайы келді. Юрий Красножан, Талалаев сынды тағы басқа ма­мандармен де келісімсөздер жүргіздік. Сөйтіп, ұзақ ізденістен кейін осы испандық маманға тоқтадық, – деді Қайрат Боран­баев.

Сонымен, Пепе бапкермен «Қайрат» футбол клубы бір жарым жылға келісім­шартқа отырды. Ал оның негізгі көмекшісі – ис­пандық Исмаэль Диас. Бұл маманның Ис­пания футбол аренасында 20 жылдық тәжірибесі бар екен. Ендеше, «Барсело­наның» бапкерлерін шақыртқан Алма­тының «Қайраты» «Барселонаша» доп теп­се, қанеки?!

Автор: Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Пікірлер