BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.63
Астана:

30 жасында 27 елді аралап шыққан жігіттің бастан кешкен қызықты оқиғалары Эксклюзив

Қуат Болатов Алматыда дүниеге келіп, Семейде өскен. Алты жылдан бері Астанада тұрады. Қаржы менеджері мамандығын алған. Содан соң Назарбаев Университетінде МВА магистратурасын тәмамдапты. 30 жастағы Қуат 32 күн ішінде 7 мемлекетті велосипедпен аралап шықты. «100 жаңа есім» жобасына үміткер бүгінгі кейіпкеріміз велосаяхаттың қызықты сәттерін әңгімелеп берді.

Саяхаттауды 26 жасымда кеш бастадым

Шетелге 26 жасымда кеш шықтым. Содан соң Азия елдерін, Солтүстік Американы көрдім. Былтыр 1200 шақырымға созылған 7 елді велосипедпен аралау өмірімдегі ең алғашқы үлкен сапарым болды.

Саяхатқа аз шығындалуға тырысамын. Еуропаға автостоп, автобуспен, пойызбен немесе жаяу баруға болады. Велосипедті таңдаған себебім, біріншіден қайда барғың келсе, сонда барасың, жылдамдық үлкен емес. Сағатына 25 километр жылдамдықпен жүрген кезде соққан желдің лебін сезесің. Екіншіден, экологиялық тұрғыдан таза – бұл менің өмірлік принципім. Үшіншіден, спорттық тұрғыдан пайдалы, төртіншіден аз шығын кетеді.

Қай жерді көңілім қаламаса, сол жерге бармаймын. Үндістанға бұған дейін баруға мүмкіндік болды, бірақ бармадым. Ол жерге моральдік тұрғыдан дайын болуың керек. Тым лас. Бір айға Орталық Еуропаға сапарымда қазақстандықтар туралы видеорепортаж түсіргім келіп жүр. Велотуризмнің артықшылығы, сен ешкімге, ештеңеге тәуелді емессің. Қайда барғың келіп тұр, сонда барасың. Адамдармен араласып, шексіз эмоцияға кенелесің.

Саяхатты алдымен жоспарлап алу керек

Бюджетті саяхатқа шығар алдында үш нәрсені ескеру керек. Біріншісі – жоспарлау. Саяхатты неғұрлым жақсы жоспарласаң, соғұрлым көп үнемдейсің. Екіншісі – саяхатты тиімді өткізу. Қыс болсын, жаз болсын күнде жүгіремін. Қыста шаңғымен айналысамын. Ұшаққа билетті ерте алу, концертке билет алып қою да дайындыққа жатады. Ерте қамдансаң арзанға түседі, жақсы орындарды таңдайсың. Кавказға саяхатқа шыққанда пойыз билетін 8 мыңға алдым, келесі купедегі қазақтар 50 мыңға алған екен.

«Турик» деп аталатын 20 келілік арнайы велосипедпен саяхаттаймын. Егер мен ертең жолға шығатын болсам, бүгін велосипедті бөлшектеймін де, қорапшасына салып қоямын. Ал жолдорба мен ондағы заттардың салмағы –20-25 келі.

Сапарға өзіммен бірге шатыр, түнемел қап, тамақ дайындауға арналған газ жанарғысы, жуынатын заттар, ыдыс-аяқ, киімдер және т.б. алып жүремін.

Еуропада велосипедімнің дөңгелегі екі рет жарылды. Сол жерде камерасын жарты сағатта ауыстырдым. Германияда дөңгелегім жарылғанда қариямен таныстым. Сөйтсем, мектеп директоры екен, үйіне шақырды. Ұлыбританияда жарылғанда жақын жерде дүкен болмады. Баллонды ауамен толтыратын сорғы сынып қалды. Жаңбыр жауды. Сол күні барлығы бізге қарсы болды. Бірақ аз уақыттан соң жергілікті отбасылық жұппен таныстым. Олар үйіне шақырды. «Капитан Америка», «Гладиатор», «Бэтмен» секілді фильмдердің декорациясын жасағандар екен. Үйлерінде барлық режиссермен, ТОП актерлерімен бірге түскен фотосуреттері ілініп тұрды. Таңертең жақын достар секілді қоштастық. Дөңгелектің жарылғаны осындай қайталанбайтын сәттерді сезінуге мүмкіндік берді.

Саяхат шақырымдармен емес, жаңа достармен өлшенеді

«Саяхат шақырымдармен емес, ол жаңа достармен өлшенеді» деген жақсы сөз бар. Жаңа адамдармен танысу арқылы сол елдің мәдениетін, менталитетін ұғынасың, олар қайда бару керегін біледі. Қазақстандықтармен шетелде өте жиі жолығамыз. Алдымен әлеуметтік желіге пост жариялаймын, сосын олар мені қонаққа шақырады. Алыстағы ағайынның әрқайсысы мотиватор, әңгімелесу, мотивациямен бөлісу мен үшін маңызды.

Былтыр Еуропаны велеосипедпен жалғыз сапарлағанда алғашқы күннен бастап адамдар қонаққа шақырды. Олар мені мүлдем танымайды және төлқұжаттарының түсі әртүрлі. Шетелдегі қандастарымыз «Велосипедпен қазақ баласы келе жатқанда қарсы алу біздің міндетіміз» деді. Олардың елге деген махаббаты Қазақстанда тұратын отандастарымыздан әлдеқайда биік екені байқалды. Әңгімелесіп, жақын араласқан соң, әрқайсы бөлек мотиватор екенін, шетелге тағдырдың жазуымен барғанын ұқтым. Олардың арасында Жетісай, Лисаковск, Саяқ секілді шағын қалалардан шыққандар болды, мүмкін мүгедек болар, мүмкін толық емес отбасыдан шыққан болар, бірақ әрқайсы өз-өзіне сенетін, жұмыс істегісі келетін адамдар мені жігерлендірді. Келесі велосаяхатымда міндетті түрде олар туралы фильм түсіремін деп алдыма мақсат қойдым. Бір нәрсе туралы көп ойлансаң, сол нәрсені іске асыруға көп күш жұмсайсың. Ойлар шындыққа айналады. Сонымен бірге фильмнен бөлек, 12 сериялық велосаяхат күнделігін түсірдік. 43 минуттық Kazakh Рeople in the UK фильмі бір-біріне ұқсамайтын жеті кейіпкердің тағдырын баяндайды. Фильм мақсаты – қазақстандықтарға мотивация беру, жігерлендіру. Осы фильмді көрген соң бір қазақстандық болсын қолына кітап алып шет тілін үйрене бастаса, мақсаттың орындалғаны.

Қанат Бейсекеев – менің жақын досым. Ол АҚШ-тағы қазақстандықтар жайлы фильм түсірді. Идеяммен бірінші Әлішер Елікбаев, Қанатпен бөлістім. Өзі де менімен бірге барғысы келді, бірақ басқа жобалары болды. Біреуді қайталап жатсам да фильмге арқау болатын проблема бар, тарихымен бөлісетін адамдар бар.

Саяхаттан ешкім бұрынғы қалпында оралмайды

Саяхат адамды өзгертеді. Бірінші – физикалық тұрғыдан. Әр велосаяхатта салмақ жоғалтамын. Менталды, эмоционалды, мінез тұрғысынан өзгерістер болады. «Саяхаттан ешкім бұрынғыдай болып оралмайды» деп жатады. Шетелде өткізген 1 күн өз еліңдегі 10 жылда болмаған эмоцияны сыйлауы мүмкін. Сана-сезімге қатты әсер ететін Үндістан секілді елдер бар. Басқа елге барғанда ол елдің артықшылықтары мен кемшіліктерін қатар көріп тұрасың, Қазақстанмен салыстырасың. Біздің тұрмысымыз соншалықты жаман емес екенін, бірақ қатты жақсы емес те екенін түсінесің. Басқа қырынан қарайсың. Ішкі дүниең өзгереді.

«Экспедиция» 25 жобасына қатыстым. Қазақстанның барлық аймағында болдым. Сол себепті қай жерде қандай керемет орындар барын, қайда баруға болатынын ойланбай айта аламын. Өзімнің үздік үштігім бар – Шарын шатқалы, Солтүстік Қазақстандағы Имантау көлі, Батыс Алтай қорығы. Барған жеріміздегі табиғатты фотоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялағанымда адамдар «Расымен бұл Қазақстан ба?», «Қалай баруға болады?» деп жатты.

Еліміздің туристік әлеуеті өте жоғары. Велосаяхатта шетелдіктер Қазақстан туын танып, «Кімсің, қайдан келе жатырсың?» деп жиі сұрады. Олар «Велосипедпен саяхаттап жүрген алғашқы қазақстандықсың» дейді. Қазақстан туралы білмейтіндерге Алатауды, Бурабайды, көлдер мен өзендердің фотоларын көрсетемін. Олар «Қазақстан қандай әдемі, Моңғолияда болдым, бірақ сіздерге неге бармадым?», «Қырғызстанға саяхаттауды жоспарлап отырмын, сіздерге де неге бармасқа» деген секілді пікірлерін айтты. Әлеует бізде өте үлкен.

Мені жаңа ғимараттар емес, сол елдің шынайы келбеті мен өмірі қызықтырады

Шетелге жаңадан салынған ғимараттарды көру үшін бармаймын, маған олар қызық емес. Мені сол елдің шынайы жағдайы мен келбеті, өмірі қызықтырады. Шетелдіктер біздің салт-дәстүрімізді білгісі келеді, жылқы етін жегісі келеді.

Кей адамдарға мен де мотиватормын. Олар қалай аз бюджетпен саяхаттауға, батыл болуға болады, ең қиыны алғашқы қадамды қалай жасау керек деген сияқты сұрақтардың жауабын алғысы келеді. Өз тәжірибемнен білемін, маған да алғашқы қадамды жасау қиынға соқты. Қазақтың қызық менталитеті бар, білетінімен бөліспейді, жасырады. Ресей, Беларусь, Украинадан балалар бар, солардан сұрауға тура келді. Мен ақыл-кеңесті аямаймын. Қайта қазақстандықтар әлемді таныса қуанамын. «Public Talk» өткізуді ұсынғанда бірден келістім. Жарты жылда 50-ге жуық аудитория алдында сөйледім. Қызықсыз болмас үшін тақырыптарды ауыстырып тұрамын. «100 жаңа есім» жобасына мені Махаббат Есен ұсынды. Идея жақсы. Егер мені «жаңа есім» деп тапса, мен қарсы емеспін. Жастар мені мотиватор санайды.

Барған жерімде үнемі қазақстандықтар қарсы алады

Соло саяхатқа іштей дайын болуың керек, өзіңді мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Әсіресе анам менің басты мотиваторым. Алғашқы уақытта уайымдады, қазір үйреніп кетті. Кейде анам хабарласады, хабарлама жазады: «Балам қайда жүрсің? Ол қай жер еді» деп сұрайды. «Мам, уайымдамаңыз менде бәрі жақсы» - деймін. Ол барған жерімде үнемі қазақстандықтар қарсы алатынын біледі. Менімен сөйлескенде байсалды кейіп танытып, мүмкін іштей қатты уайымдайтын болар. «Соло саяхаттың» өз рақаты бар. Жүрген жеріңнің бір бөлшегіне айналасың. Сол жердің тілімен сөйлесуге тура келеді. Кейде табиғаттың сұлулығымен бөліскің келеді, бірақ тіл жетпейді.

Заттарды емес, сәттерді жина

Барған елдерімнен коллекция жинамаймын. Мен жиі айтатын сөздердің бірі – «Заттарды емес, сәттерді жина». Велосаяхатта әрбір грамм өлшеулі, заттарды өзің көтересің. Анама ғана сыйлық әкелемін. Тоңазытқышым бос тұр (күлді).

Айына екі кітап оқимын, бірі жұмысыма қатысты, екіншісі саяхат туралы. Бүгін саяхат туралы үш кітапты ұсынамын. Бірінші – «Самый большой дурак под солнцем». Пекинде оқитын неміс жігіт Германияға жаяу жетеді. Екіншісі – «Көктем жылы», авторы Вячеслава Красько. Соңғысы – «Три чашки чая», әлемдік бестселлер.

Кітап жазуды бастадым. Еуропаға велосаяхатым туралы кітап 95 пайызға дайын тұр. Қайта оқып шыққан сайын бір нәрсе жетіспейтін сияқты. Маған кітаптың өзі ұнамаса, онда әзірге шығармаймын.

Өзім танысқан шетелдіктер Қазақстанды көргісі келеді. Қазан айының басында Кореяда танысқан америкалық жігіт келмекші. 106 мемлекетте болған.

Саяхат мен үшін хобби емес, өмір сүру салты.

Бір кездері әлем тым кішкентай еді, негізінде ол біз ойлағаннан да үлкен

Әлем біз ойлағаннан да үлкен, өте үлкен. Бір кездері ол тым кішкентай болды. Сен саяхатқа шыққанда жаңа адамдармен танысасың. Адамдардың бәрі бірдей, әсіресе балалар. Барлық елде балалар бірдей. Бірінші сапарыма жақын адамдарымның қолдауымен шықтым. Егер қорқыныш пен үрей болса, жақын адамдарыңызға немесе бұрын сол істі жасап көргендерге айтыңыз. Сұраудан қорықпаңыз, кейбір адамдар ұялады. Көп оқыңыздар. Тіл үйреніңіздер. Визаны қабыл алмаған кез болған жоқ, тфәй-тфәй. «Визаны қалай аласың» деп сұрайды. Ешқандай қиындығы жоқ. Құжаттар тізімі бар, ал да жина.

25 қыркүйек күні таңертең тағы да ұшамын. Бұл жолы Германия, Швейцария, Чехия, Австрияға барамын. Францияға да баруым мүмкін. Алдағы мақсатым – Қытай мен Иранға бару. Хайнаньға емес, Қытайдың ішіне кіріп кетемін.

Он жыл бұрын Қуат осындай әңгіме айтып отырады дегенге сенбес едім

Мен Семейде өстім. «Ботаник» болдым. Көп оқуға тырыстым. Discovery Сhannel көретінмін. Спортпен шұғылдандым. 10 жыл бұрын Қуат басқа адамдарға 30 жасында 27 елге саяхаттағанын, оның ішінде 12 елді велосипедпен жүріп өткені туралы, қорықпау керегін айтып отырады десе, сенбес едім.

Фотолар Қуат Болатовтың жеке архивінен алынды

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер