USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Жаңа Әдеп кодексі судьялар мен БАҚ өкілдерінің жұмысын жандандыра түседі – судья

Фото: Kursiv.kz

Жаңа Әдеп кодексіне сәйкес судья бұқаралық ақпарат құралдарында сот қызметі туралы кәсіби түрде жариялануына жәрдемдесуі қажет. Кодекс қос тараптың жұмысын жандандыра түседі. Бұл туралы қалалық сотта «Судьялардың этикалық кодексі» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде халықаралық мамандандырылған экономикалық соттың судьясы Шолпан Даниярова айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Біз бүгін 2016 жылы 21 қарашада Астанада судьялардың VII съезінде қабылданған жаңа Әдеп кодексін талқыладық. Әдеп Кодексі «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институционалды реформасының орындалуы бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 19-қадамын іске асыру мақсатында қабылданды. Кодекс судьялық корпустың әдеп ережелерін көрсететін 15 баптан тұрады. Маңызды құжатта судья бұқаралық ақпарат құралдарында сот қызметі туралы кәсіби түрде жариялануына жәрдемдесуі қажет. Жаңа әдеп кодексі судьялар мен БАҚ өкілдерінің жұмысын жандандыра түседі. Сондай-ақ, судьялар өзінің кәсіби беделіне нұқсан келтіретін іс-шараларға қатыса алмайды. Олардың отбасыларына да белгілі бір деңгейде шектеу қойылады», - деді судья.

Айта кетейік, Астанада 21 қарашада судьялардың VII съезі өткен болатын. Маңызды жиынға судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, заңгерлер қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен әлемнің 10-нан астам елiнен келген сарапшылар - барлығы 600 делегат қатысқан.

Республика судьяларының съезi 4 жылда бір рет өтеді. Тәуелсіздік жылдары iшiнде алты съезд (алғашқысы 1996 жылы) өтті. Маңызды жиын сот жүйесінің дамуы үшін айрықша стратегиялық мәнге ие. Олардың әрбірінде соттар дамуының қорытындысы шығарылып, өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылданады.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады