#Кітапток жобасының роликтері 35 млн-нан астам қаралым жинады

16 Мамыр 2023, 14:46
1042
Бөлісу:
#Кітапток жобасының роликтері 35 млн-нан астам қаралым жинады
Фото: МСМ баспасөз қызметі

Мәдениет және спорт министрлігі және TikTok қысқа видеороликтер көруге және жасауға арналған танымал платформа #кітапток жобасын қорытындылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Челлендж аясында пайдаланушылар әдебиет тақырыбына түрлі видео түсірді: кітап ұсыныстары мен шолулар, сүйікті шығармаларынан үзінділер, кітаппен байланысты оқиғалар және т.б.

Жоба іске қосылғаннан бері #кітапток хэштегі бойынша жарияланған видеолар 35 миллионнан астам қаралым жинады және бұл сан тұрақты түрде артып барады.

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры, Қазақстанның әр өңірінен 18 кітапхана және TikTok-тың танымал пайдаланушылары #кітапток жобасын қолдады.

Жоба аясында үш үздік видеоролик авторы анықталды. Олардың әрқайсысы ірі қазақстандық дүкендер желісінен 70 мың теңгеге сыйлық сертификатымен марапатталады.

Мұндай жобалар кітап оқуға деген қызығушылықты арттырумен қатар оқырмандарға жаңа есімдермен танысуға, ал авторларға өз аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік береді. #Кітапток қазақстандықтар арасында танымал болып, біздің елімізде танымдық мазмұндағы контент жасайтын талантты адамдар көп екенін көрсетті, - деді Мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Ал Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы TikTok операциялық бөлімінің басшысы Екатерина Блинец #Кітапток жобасы пайдаланушыларға көптеген жаңа әдеби жаңалықтар әкелетініне сенімді екенін айтты.

Біз қазақстандықтардың TikTok-қа жаңа нәрселерді үйреніп, білім көкжиегін кеңейту үшін келгенін көріп отырмыз. Ал танымдық мазмұндағы контент шынымен де сұранысқа ие. #Кітапток жобасы пайдаланушыларға көптеген жаңа әдеби жаңалықтар әкелетініне және әртүрлі жас пен талғамдағы адамдарды кітап оқуға шабыттандыратынына сенімдімін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы