Павлодарда үш кітапхана жұмысы оңтайландырылады

15 Ақпан 2019, 09:36
2144
Бөлісу:
Павлодарда үш кітапхана жұмысы оңтайландырылады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласында үш кітапхананың жұмысы тоқтатылды. Бұл іс рухани азық ордаларының жұмысын оңтайландыру және модернизациялау шеңберінде жүргізілді.

Рухани ошақтардың жабылуы қала тұрғындарының наразылығын тудырды. Сала мамандарының хабарлауынша, үш қалалық кітапхана П.Васильев атындағы орталықтандырылған мекемеге көшірілді. Өзге кітапханалардың қорындағы құралдар да осы мекемеге көшірілді. Нәтижесінде қор 90 мың данадан асып жығылды. Айта кетейік, қазіргі уақытта кітаптарды түгендеу шаралары қолға алынған. Биылғы жылы ескірген және мазмұны өзектілігін жоғалтқан 80 мыңға жуық кітап айналымнан шығарылады. Жұмысы тоқтатылған кітапханалардың мамандары жұмыстарын жоғалтқан жоқ. Олар бұрынғы жұмыстарын басқа мекемелерде жалғастырмақ. Қазіргі таңда орталықтандырылған кітапхана жүйесінде 140 маман жұмыс істейді.

«Кітаптардың бірде біреуі далаға тасталмайды. Біз оларды Павлодар қалалық әлеуметтік қорғау қызметіне табыстаймыз. Кейін құралдар қайырымдылық ретінде ұйымдар мен мекемелерге тарту етіледі деп күтілуде. Ал кітапханалардан босаған ғимараттарды қаржы бөліміне өткіземіз. Әзірге олардың тағдыры белгісіз. Шешім жуық арада шығарылуы тиіс», - дейді Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары Наталья Шотаева.

Енді облыс орталығындағы 18 кітапхананың 15-сі қалды. Жалпы қор 500 мың кітаптан асады. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша оқырмандар саны 63 мыңнан асқан. Олардың бес мыңы кітапхананың игіліктерін ғаламтор арқылы көруде.

Айта кетейік, кітапханалардың қорын жаңарту мақсатында жыл сайын 6 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін қаржы жұмсалады. Биылғы жылы 19 мың кітап сатып алынбақ.

 

Ақмаржан Әділбек

Фото автордікі

 

 

 

 

Өзгелердің жаңалығы