Кітапханашылар отбасы: Еңбек өтілі 65 жыл

21 Мамыр 2022, 09:22
2550
Бөлісу:
Кітапханашылар отбасы: Еңбек өтілі 65 жыл

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. 21 маусым елімізде мәдениет саласы қызметкерлерінің күні болып бекітілген. Ертіс өңірінде ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, жылдар бойы бір салада еңбек еткен отбасылар жетерлік.

Ұрпақтар сабақтастығы кез келген сала дамуының кепілі болары анық. Павлодар облысының тумасы Кәмилаш Закирьянованың қызы мен жиені ана жолын қуып, өмірлерін кітапханашылыққа арнаған.

Кәмилаш Закирьянова 1957 жылы қазіргі Ақсу қаласының балалар кітапханасына жұмысқа орналасқан. Кітапханашылар отбасының тарихы осылай басталды. Кейуана жеті бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ол кітапхана ісіне деген махаббатын қызы Алмагүлге дарытты.

 

Кітапханашылар отбасы: Еңбек өтілі 65 жыл

Анам еңбек жолын қалалық орталық кітапханадан бастады. Ал 2001 жылы сол кітапхананың бөлім меңгерушісі, кейін кітапхана басшысы болды.  Анамның еңбекқорлығы мен сүйікті ісіне деген жауапкершілігінің арқасында оқу орнының рухани азық ордасы республикада «Үздік колледж кітапханасы» атанды.  Үш жыл бұрын анам «Кітапхана қорын ұйымдастыру және анықтамалық-кітапханалық қызмет» атты оқу құралының авторлары құрамында болды. Бүгінде анамның суреті колледждің Құрмет тақтасында жарқырап тұр. Бұл – мен үшін зор мақтаныш, - дейді Алмагүл Закирьянованың қызы Әсем Нұрғалиева.

Бүгінде Әсем Нұрғалиева облыс орталығындағы көзі нашар көретін және зағип жандарға арналған мамандандырылған кітапханада директордың орынбасары болып еңбек етеді. Әсем Жұмағазықызы анасының жолын қуып, Жаяу Мұса атындағы колледжді үздік тәмамдайды. Ол да еңбек жолын қарапайым кітапханашыдан бастап, бөлім басшысы қызметіне көтерілді.

Кітапханашы мамандығына деген сүйіспеншілік Кәмилаш әжемнің бойынан дарыған. Ол білім нәрімен сусындаған адам әрқашан халқының ықыласына бөленетінін жиі айтатын. Білімді болу - бәрінен бұрын адам болуға  жетелейтін қасиет. Мен, анам және әжем  үшеуміз де 20 жасымыздан бастап кітапханаға еңбек етіп келеміз. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз, - дейді Әсем Нұрғалиева.

Кітапханашылар отбасы: Еңбек өтілі 65 жыл

Әсем Жұмағазықызының жетекшілігімен мамандандырылған кітапхананың қорын сақтау, ұлғайту бойынша тыңғылықты жұмыс атқарылды. Өз ісінің шебері кітапхана ісі мамандығы бойынша білім беретін оқу орындарының емтихандық комиссиясының құрамына да енген. Сонымен қатар, Қазақстанның «Үздік 100 кітапханашысы» жиынағына кірген. Бүгінде Әсем әріптестері мен оқырмандарының арасында сый-құрметке ие.

Біз «Жан алауы» атты дыбыс жазу жобасын жүзеге асырдық. Оқырмандар қалаған кітаптардың аудаонұсқаларын әзірлейміз. Бұдан бөлек көзі нашар көретін, зағип жандар арасында ағарту ісін дамыу бағытында көптеген жоба әзірлеп, сәтті іске асырдық, - дейді маман.

Шебердің ерең еңбегі жоғары бағаға ие болды. Әсем Нұрғалиева Қазақстан кітапханалары Альянсының «Халық құрметі» төсбелгісіне ие болды.  Айта кетейік, арнайы кітапхананың 1800-ге жуық ерекше оқырманы бар. Олардың 23% - мектеп оқушылары.

Өзгелердің жаңалығы