XXI ғасыр – ақпарат пен технологияның ғасыры. Ғаламтор, әлеуметтік желілер, қысқа видео, жасанды интеллект, мессенджерлер... Осындай жылдам әрі жеңіл қолжетімді ақпарат дәуірінде адамзат кітап оқуға бұрынғыдай зейін қойып отыр ма? Бұл сұрақ бүгінгі қоғамның рухани денсаулығына қатысты басты мәселенің біріне айналды. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі осы сауалға жауап іздеп көрген еді.
Кітап оқу – бұл жай ғана хобби немесе бос уақыттың ермегі емес. Бұл – тұлғаның интеллектуалдық, мәдени және рухани дамуының іргетасы. Қазақ халқы бұрыннан сөз қадірін білген. "Жақсының сөзі – жадыңда, жаманның сөзі – табанда" дейтін халық үшін кітап – даналық пен тәрбиенің қайнар көзі.
Кітап – сана мен рухты тәрбиелейтін құрал
Кітап адамды тәрбиелейді, ойландырады, өзгертеді. Жақсы кітап – жақсы дос. Ол кез келген заманда, көңіл күйде, өмірлік кезеңде адамға серік бола алады. Көп оқитын қоғам – көп ойлайтын қоғам. Ал ойлайтын қоғам – жаңашыл, сергек әрі серпінді қоғам.
Академик-жазушы Сәбит Досанов бұл жөнінде: "Кітап – адам жанының шамшырағы. Ол жан дүниені жарықтандырады. Кітап оқымаған адам – рухани қараңғылықта қалған адам", – дейді.
Ұлы ойшыл Әл-Фараби де өз еңбектерінде білім мен кітаптың орнын ерекше атап өткен: "Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы". Ал тәрбие дәл осы кітаптан басталады.
Қазақстан және әлем: салыстырмалы көзқарас
UNESCO-ның 2023 жылғы зерттеулеріне сүйенсек, әлем халқының шамамен 35%-ы ғана күн сайын кітап оқуға уақыт бөледі. Ал Финляндия, Жапония, Германия сынды елдерде тұрғындардың 70%-дан астамы аптасына кемінде бір кітап оқиды.
Қазақстанда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен: ұлттық кітапханалардың есебінше, халықтың тек 36%-ы жылына бір кітап оқиды. Бұл – ұлттың мәдени деңгейіне алаңдатушылық білдіретін факт.
Ұлттық академиялық кітапхана деректеріне сәйкес:
- Жастардың 60%-ы көркем әдебиет оқымайтынын айтқан;
- 70%-дан астамы ақпаратты тек TikTok, Instagram, YouTube арқылы алады;
- 15–25 жас аралығындағы жастардың тек 14%-ы кітапты үздіксіз оқиды.
Оқырман азайып бара жатыр ма?
Қоғамда гаджетке тәуелділік артқан сайын, кітапқа деген қызығушылық азайып бара жатқанын байқаймыз.
Бұл туралы педагог Самал Сейтімқұлова: "Кітап оқу – мәдениет. Ол бір күнде қалыптаспайды. Қазір жастар ақпаратты тез қабылдағысы келеді. Ал кітапты оқу – сабыр мен тереңдік талап ететін процесс. Сондықтан оқырманды тарту үшін отбасы, мектеп және кітапхана бірге жұмыс істеуі керек", – дейді.
Жасөспірімдердің көпшілігі кітапты оқу емес, жай ғана қарап шығу немесе "реферат жазу үшін" ғана қолданатынын жасырмайды. Бұл – терең түсінік пен жан-жақты дамуға кері әсер ететін жағдай.
Әлеуметтік желі мен әдеби тренд
TikTok, Instagram, Reels, Shorts... қысқа видеолар заманында кітап оқу – "ұзақ процесс" болып көрінетіні рас. Бірақ бұл тек көрініс. Іс жүзінде кітап оқу – ойды шоғырландырып, ішкі тыныштыққа бастайтын маңызды процесс.
Психолог Рахат Көшербайқызы бұл туралы: "Жылдам контентке әбден үйренген адамда кітап оқуға шыдам жетіспейді. Кітап – баяу, бірақ терең. TikTok – жылдам, бірақ үстірт. Адам миы жеңіл нәрсені тез қабылдайды, бірақ ол ұзақ сақталмайды", – деп ескертеді.
Қазіргі заманда жастардың назары қайда – сол жерден кітапқа жол ашу керек. Instagram мен TikTok платформаларында әдебиетті дәріптейтін жаңа трендтер – #booktok, #оқыған_кітабым, #kitapchallenge – белсенді түрде таралып келеді.
Жас буынға арналған буктрейлер байқаулары, авторлармен онлайн кездесулер, челлендж форматындағы оқырмандар марафоны – кітап оқуды танымал әрі сәнді үрдіске айналдыруға ықпал етеді. Осы орайда елімізде TikTok желісінде белсенділік танытқан жас блогерлер – оқырман санын арттыруға көмектесіп отыр.
Қазір оқушыларға міндетті тізімді оқытудан гөрі, кітапқа деген жеке қызығушылықты ояту маңызды. Бұл орайда шығармашылық жобалар, дебаттар, буктрейлерлер, "еркін кітап сөрелері" сынды әдістер тиімді бола алады. Бұған қоса, кітап оқу марафондары мен әдеби блогтар да тиімді құрал. Мектептерде арнайы оқырмандар клубын құру – заманауи форматтардың бірі.
Мемлекеттік қолдау және бағдарламалар
Соңғы жылдары Қазақстанда кітап оқу мәдениетін арттыру бағытында мемлекеттік деңгейде де түрлі бастамалар қолға алынып жатыр. Мысалы, "Оқитын мектеп", "Оқуға құштар ұлт", "Бір ел – бір кітап" секілді акциялар халық арасында кітапты дәріптеуге бағытталған.
Оқу-ағарту министрлігі тарапынан мектеп кітапханаларын жаңғырту, цифрландыру, жаңа әдебиеттермен толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдерге арналған отандық авторлардың шығармаларын басып шығару мен тарату жолға қойылған.
"Бір ел – бір кітап" акциясы арқылы жыл сайын таңдалған туындыны бүкіл халық болып оқуы – қоғамда ортақ әдеби сана қалыптастыруға оң әсер етеді. Бұл үрдісті кеңейтіп, тек бір емес, бірнеше бағытта жалғастыру маңызды.
Ұлттық кітап күні – оқырман мен кітаптың мерекесі
Қазақстанда жыл сайын атап өтілетін Ұлттық кітап күні – кітаптың адам өміріндегі ерекше орнын еске салып, қоғамда оқу мәдениетін дамытуға серпін беретін маңызды шара. Бұл күн – тек кітапханалар мен оқырмандар қауымының ғана емес, бүкіл елдің рухани мерекесі деуге болады.
Ұлттық кітап күні еліміздің түкпір-түкпіріндегі кітапханаларда, мектептерде, оқу орындарында түрлі әдеби кештер, буктрейлер көрсетілімдері, көрмелер мен кездесу кештері арқылы аталып өтеді. Бұл – жас ұрпақтың әдебиетке қызығушылығын арттырудың, кітаппен арадағы байланысты нығайтудың сәті. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін бұл күн – кітаппен дос болуға берілетін нақты мүмкіндік.
Бүгінде Ұлттық кітап күні шеңберінде көптеген жаңа форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып жүр. Мәселен, "Кітапхана түні", "Оқы – өзгеге ұсын!", "Кітапханадағы селфи" сияқты креативті жобалар жастардың қызығушылығын оятып, кітапханаға деген көзқарасын өзгертуде. Бұл күннің маңыздылығы – тек өткенді еске алып, ұлы классиктерді насихаттауда ғана емес, заманауи әдебиетті де дәріптеуде жатыр.
Кітап – ұлттың ұмытылмас жады. Ал Ұлттық кітап күні – сол жадыға тағзым ету, рухани құндылықтарды ұлықтау, болашаққа жол сілтеу. Сондықтан бұл күн тек ресми атаулы дата емес, әр отбасы, әр азамат үшін мән-мағынасы терең күн болуы тиіс.
Кітап оқу – отбасынан басталатын мәдениет
Балаға кітап оқытудың ең тиімді жолы – ата-ананың үлгі көрсетуі. Жасөспірім психологтары ата-ананың әрекеті сөзден де күшті екенін айтады.
Астана қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлім Бердібекқызы: "Біз кешкі тоғыздан кейін бүкіл үйде телефон өшіріп, 30 минут кітап оқимыз. Балаларым басында қиналды, кейін өздері сұрай бастады. Енді кітап – отбасылық дәстүріміз", - дейді.
Сондай-ақ, балалармен бірге кітап дүкеніне бару, туған күнге кітап сыйлау, үйде жеке кітап сөресін жасау – бәрі балада кітапқа деген махаббатты оятады.
Кітапхана – жай орын емес, рухани кеңістік
Кітапхана – тек кітап алатын мекеме емес. Ол – ұлттық идеяның, ұлт рухының орталығы. Заманауи кітапханалар коворкинг, шығармашылық кеңістік, пікір алмасу орталығы ретінде дамып келеді.
Алматыдағы Alatau Creative Hub, Астанадағы "Оқуға құштар мектеп", "Жастар кітапханасы" – осының айғағы.
Кітапханашы Әсел Қуанышбекова: "Бүгінгі кітапхана – оқырманның жай ғана тыныстайтын емес, ойланатын кеңістігіне айналуы тиіс. Біз поэзия кештері, кітаппен фотоаймақтар, тіпті шахмат турнирлерін өткізіп келеміз. Бұл – рухани өмірдің бір бөлшегі", - дейді.
Кітап оқу – адамның ішкі мәдениетін қалыптастыратын бірден-бір құрал. Ақпараттың ашықтығы, цифрлы мүмкіндіктер кітапты ығыстыра алмайды. Себебі кітап – тек білім емес, тәрбие, талғам, рух.
Абай Құнанбайұлы: "Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге" – деген. Бұл сөз бүгін де, ертең де мәнін жоймайды.
Кітап оқитын ұлт ешқашан жойылмайды. Сондықтан әр отбасы, әр ұстаз, әр азамат бұл мәдениетті қолдап, дамытса – болашағымыз жарқын болмақ.