Кітап, кофе және жаңа таныстық: Астанада OQY BOOK FEST өтті

Фестивальге келгендер кітап айырбастап, авторлармен тілдесіп, жаңа әдеби жобалармен танысу мүмкіндігіне ие болды.

 ©El.kz/Айдана Ербатырқызы Бүгiн 2026, 17:13
Бүгiн 2026, 17:13
135
Фото: ©El.kz/Айдана Ербатырқызы

Астанада елорданың ірі әдеби іс-шараларының біріне айналған OQY BOOK FEST кітап фестивалі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Фестиваль аясында оқырмандар, жазушылар мен баспа өкілдері бір алаңда бас қосып, кітап мәдениетін насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жаңа кітаптардың тұсаукесері өтіп, авторлармен еркін әңгімелесу алаңдары жұмыс істеді.

OQY BOOK FEST-тің басты ерекшеліктерінің бірі – буккроссинг аймағы болды. Бұл қонақтарға өз кітаптарын әкеліп, оларды басқа шығармаларға тегін айырбастауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар фестивальде кең ауқымды кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұнда келушілер қазақстандық және шетелдік авторлардың шығармаларын сатып алып, баспалардың жаңа кітаптарымен танысты. Кейбір жазушылар оқырмандарына қолтаңба таратып, шығармашылық кездесу өткізді.

Фестивальде ADEBIPORTAL.KZ цифрлық кітапханасы да таныстырылды. Онлайн-платформа қазақ әдебиетіндегі мыңдаған электронды және аудиокітапты біріктіреді. Келушілер қазақ тіліндегі шығармаларды тыңдап, қазіргі авторлардың кітаптарымен танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар жазушылардың сұхбаттары мен авторлық парақшалары ұсынылды.

Іс-шара барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасы да көпшілік назарына ұсынылды. Жобаға жалпыұлттық сауалнама нәтижесінде іріктелген шығармалар енген. Бастаманың негізгі мақсаты – оқу мәдениетін дамыту және қазақ әдеби мұрасын кеңінен насихаттау.

Фестиваль сахнасында түрлі жанрда қалам тербеп жүрген авторлар сөз сөйледі. Олардың қатарында фэнтези, ғылыми фантастика, заманауи проза және жасөспірімдер әдебиетінің өкілдері болды. Оқырмандар Вилл Нокс, Дана Найдер, Артём Уразимбетов, Мая Сара секілді авторлармен кездесіп, олардың шығармашылық процесі туралы пікірлерін тыңдады.

Вилл Нокс кейіпкерлерді барынша шынайы етіп көрсетуге тырысатынын айтты.

Мен үшін оқырман кейіпкерден мінсіз адамды емес, қорқынышы, қателігі және өмірлік таңдауы бар шынайы тұлғаны көруі маңызды. Сонда оқиға да жүрекке жақын болады, – деді автор.

Фестиваль қонақтары да әсерлерін бөлісті. Қатысушылардың бірі Нұрсая Рахметқали іс-шара туралы әлеуметтік желіден білгенін айтты.

Мұнда жаңа адамдармен таныстым. «Грозовой перевал» мен «Ход королевы» кітаптарын басқа шығармаларға ауыстырдым. Ол кітаптарды оқу маған қиын болған еді. Ал мұнда өзіңе ұнайтын жаңа дүние табуға мүмкіндік бар, – деді ол.

Қатысушылардың айтуынша, OQY BOOK FEST тек кітап сатып алатын орын ғана емес, оқырмандарды біріктіретін, пікір алмасуға және жаңа таныстық орнатуға мүмкіндік беретін ерекше мәдени алаңға айналды.

Наверх