Шымкентте дәрігерлер шала туған шақалақтың өмірі үшін 104 күн бойы аянбай күресіп, сәбиді аман алып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылдың 17 маусымында Мұхаммедали есімді сәби жүктіліктің небәрі 26 аптасында, салмағы 680 грамм, бойы 32 см болып дүниеге келді. Бұл – экстремалды шала туу, өмірге аса қауіпті жағдай, - деп хабарлады Шымкент қалалық №2 ауруханасының баспасөз қызметі.
Алғашқы күннен-ақ дәрігерлер тыныс жеткіліксіздігі, қан кету және инфекция қаупі сияқты ауыр диагноздарға қарсы күресті. Нәресте жансақтау бөлімінде аппарат көмегімен тыныс алып, тәулік бойы мамандардың жіті бақылауында болды.

Біртіндеп салмақ қосып, жағдайы жақсарған Мұхаммедали патология бөлімінде емін жалғастырды. 41 аптада 2490 грамм салмаққа жеткен сәби дәрігерлердің шешімімен үйіне шығарылды, - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, Мұхаммедали – отбасындағы төртінші бала.
Еске салайық, бұған дейін 283 грамм болып туған сәби тірі қалып, әлем рекордын жаңартты.