Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Кісен салып, 4 сағат іліп қойған: Шымкенттегі түзеу мекемесіндегі азаптау фактісі тергелуде

5 Қаңтар 2026, 18:12
1310
Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві/ Бауыржан Жуасбаев
Фото: BAQ.KZ архиві/ Бауыржан Жуасбаев

Шымкенттегі түзеу мекемесінде сотталғандарды азаптады деген күдікпен үш қызметкер қамауға алынды. Бас прокуратура істі азаптау бабы бойынша қайта саралады. Жәбірленушілердің бірі 4 сағат бойы асулы күйде болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілі Нұржан Әбдезов сотталғандардың бірін жеке қабылдады. Қабылдау барысында сотталған азамат 2025 жылғы маусым айында түзеу мекемесі қызметкерлері оны қолына кісен салып, соққыға жыққанын айтқан. Оның айтуынша, оны темір торға іліп қойып, 4 сағат бойы асулы күйде қалдырған. Сондай-ақ аяқ киімін шешіп алып, табанынан резеңке таяқпен ұрған.

Сонымен қатар қабылдау кезінде тағы бір сотталған азаматтың соққыға жығылғаны анықталған. Аталған жайт салдарынан оның жағы сынғаны белгілі болды.

Өңірлік өкіл аталған фактілер бойынша жедел түрде шара қабылдады. Нәтижесінде медициналық көмекті уақытылы көрсетпегені үшін медицина қызметкерлері жауапқа тартылды. Ал мекеме қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді.

Адам құқықтарын қорғау институты түзеу мекемесі қызметкерлерінің әрекеттерінде азаптау белгілері бар екенін ескере отырып, істі қайта қарау жөнінде жоғары қадағалау органына өтініш жолдады.

Бұл ұстанымды Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қолдап, өткен жылдың соңында сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР ҚК 146-бабының 3-бөлігіне қайта сараланған.

Қазіргі уақытта түзеу мекемесінің үш қызметкері қамауға алынды.

Өзгелердің жаңалығы