Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шағын және орта бизнеске және жеке тұлғаларға негізгі қарыздары төленген жағдайда есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару жолдары мен салықтық амнистия жүргізілуде.
Бұл туралы ҚР қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты.
Оның айтуынша, бюджетке салық төлеуді ынталандыру шаралары қолға алынған, нәтижесінде осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша ШОБ субъектілерінің 46% борышкерлері амнистияны пайдаланған.
ШОБ субъектілері 13 млрд теңгеге салық төледі және 4,4 млрд теңге айыппұлдары мен өсімақылары жойылды. Жеке тұлғалардың 30%-дан астам борышкерлері 10 млрд теңге сомасында негізгі қарызын өтеді. Олардың 2 млрд теңгеге жуық айыппұлдары мен өсімақылары есептен шығарылды. Нәтижесінде, бұл жалпы берешекті 5%-ға төмендетуге мүмкіндік берді, - дейді министр.
Сонымен қатар, ол ҚР Қаржы министрлігінің 2019 жылғы соңғы он айдағы жұмыс қорытындысы бойынша салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі жұмыстың нәтижелерін баяндады.
Мемлекеттік бюджеттің кірістер бойынша жоспары 101%-ға орындалды немесе жоспардан тыс 76 млрд теңге түсті. Өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда, түсімдер 14% немесе 911 млрд теңгеге өсті. Мемлекеттік бюджетке салық түсімдерінің өсу қарқыны 14%-ды құрады, ол өткен кезеңмен салыстырғанда, 886 млрд теңгеге артық. Серпінде ішкі тұтыну тауарларына қосылған құн салығы бойынша 282 млрд теңгеге, корпоративтік табыс салығы 194 млрд теңгеге және еңбекақы қорына салықтар бойынша 95 млрд теңгеге өскені байқалады, - дейді ол.
Сөз арасында, ол қашықтан бақылау әдістері де жетілдіріліп жатқанын жеткізді.
Осы жылы электрондық шот-фактураларды қолдана отырып, камералдық бақылаудың жаңа рәсімдері енгізілді. Қосымша 221 млрд теңге есептелді, өсім 19% және 175 млрд теңге өндіріліп алынды, - деді Смайылов.
Айта кетсек, бүгін Үкімет отырысында өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы және салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелері талқыланып жатыр.
Бұған дейін ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында Елбасының тапсырмасы бойынша алдағы жеті жылда "Ауыл – ел бесігі" жобасын іске асыруға назар аударатынын және соның арқасында 7 млн-ға жуық ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы жақсаратынын айтқан болатын.