Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Кипр арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмекке қатысты құжатты ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шартқа былтыр 20 қазанда Никосияда қол қойылғаны белгілі болды.
«Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасында екі елдің құзыретті органдарының қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мәселелері регламенттелген.
Келісім өз азаматтарын ұстап беру, берілген адамдарды алдын ала қамауға алу, заттар мен құжаттарды алу және беру мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырады.
Сондай-ақ қылмыстық қызметтен түскен заттарды, құжаттарды, қаржы активтерін және басқа да кірістерді анықтау, табу, шектеу қою және тәркілеу бойынша көмек көрсету шарттары көрсетілген. Құқықтық көмек көрсету рәсімдерінде тікелей өзара іс-қимыл жасайтын екі мемлекеттің құзыретті органдары, сондай-ақ Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды өтеу шарттары айқындалған, - деді депутат Снежанна Имашева.
Шартты іске асыру екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады деп күтілуде.