Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Кім қарыз?": Алматыда тұрғын үй кешені жарықсыз отыр

Нұрқанат Атажан
17 Шілде 2025, 17:28
4486
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Алатау ауданындағы “Нұркент” тұрғын үй кешенінің тұрғындары пәтерлерінде күнде таңнан кешке дейін жарық өшіп қала беруіне наразы, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Олардың сөзінше, соңғы бірнеше күннен бері пәтерлерінде электр энергиясы үздіксіз өше береді.

Күнде таңғы сағат 9-дан кешкі 4-ке дейін жарық жоқ. Салдарынан техникаларымыз күйіп кетіп жатыр. Осындай қайнаған ыстықта кондиционер қоса алмай отырмыз. Лифтар электр энергиясы жоқ болғаннан істемейді, қаншама адам онда тұрып та қалып жатыр. Біз ай сайын барлық пәтер ақысын төлеп отырмыз. Ендеше неге бізде жарық жоқ? Қызмет көрсету кооперативіне барсақ олар “кінәміз жоқ” деп, басқа ұйымдарға сілтейді. Екі ортада қарапайым халық зардап шегіп отырмыз, – дейді тұрғын Аида Өмірсерікова.

Жарықтың өшіп қала беруінің себебі – “Алатау Жарық Компаниясы” АҚ алдында “Нұркент-1” тұтынушылар кооперативінің электр энергиясы үшін қарызды өтемеу салдарынан болып отыр.

2025 жылғы 11 шілдедегі жағдай бойынша “Нұркент-1” ТК-нің электр энергиясы үшін жалпы қарызы – 7 267 793,47 теңгені құрайды. Оның ішінде мерзімі өтіп кеткен қарыз сомасы – 6 236 047,22 теңге. Қарыздың бір бөлігі өтелгеніне қарамастан, 2025 жылғы 11 шілдедегі жағдай бойынша бұрын берілген ескертулерге сәйкес өтелмеген қарыз қалдығы – 3 907 426,74 теңге. Шарттық міндеттемелердің ұзақ уақыт бойы орындалмауына және төлем талаптарының сақталмауына байланысты, 2025 жылғы 14 шілдеден бастап күн сайын сағат 09:00-ден 16:00-ге дейін электр энергиясын беру уақытша шектеледі, – деп мәлімдеді АЖК.

Компания өкілдерінің айтуынша, жарықтың өшірілуі қарыз толық өтелгенге дейін тұрақты негізде қолданылатын болады.

Ал “Нұркент-1” тұтынушылар кооперативінің жауабынша, жарық үшін  «АЖК» АҚ филиалы – “ЭнергоСбыт” алдында ешқандай қарыздары жоқ. Сөздерінше, жарықтың өшіп қалуы тұрғын кешенінде жеке бөлінген үйлердің қарыздары кесірінен.

АЖК қарызды төлеу бойынша талап қойып отыр. Енді мұнда айта кетерлігі, кешендегі 40 үйдің 8-і мүлік иелерінің бірлестігіне( МИБ) қарайды, қалғандары біздің қарамағызда. Біз өз тарапымыздан АЖК алдында қарыздарымызды төлеп қойдық. Енді қазір тұрған қарыз сол бөлініп кеткен үйлердің қарыздары, сондай-ақ кезекші жарықтандыру мен лифтті электрмен жабдықтау да бар. Біз қазіргі таңда осы мәселені сот тәртібімен шешпекшіміз, – дейді “Нұркент-1” тұтынушылар кооперативі өкілі Кенжетай Риятұлы.

Ал енді қызығы тұрғын үй кешеніндегі мүлік иелерінің бірлестігі өздеріне қарайтын пәтерлердің электр қуаты үшін ешқандай қарызы жоқ екенін айтып, кінәні “Нұркент-1” ТК-ға сілтейді.

Тұрғындардың “электр энергиясын неге тек қарыз үйлерде ғана емес, неге өзге қарызы жоқ үйлерде де өшірліп отыр” деген сұрағаны Алатау ауданы бойынша РОЭС №7 басшысы:

Біз тұрғындарға, басқару кооперативіне қарыз бойынша ескерту-хабарламасын жолдадық. Кешендегі МИБ-қа қарайтын үйлер бас тұтынушы “Нұркент-1” ТК-ның қосалқы тұтынушусы болғандықтан, жарық бәрінде өшіп отыр. Жеке қарыздарды анықтау тұрғын үй кооперативінің жұмысы, – деп жауап берді Нұргүл Касенова.

Аталған мәселенің жауабы әзірге табылмай тұр. Нақты шешім табылып, қарыз өтелгенше жергілікті тұрғындардың зардап шегу қаупі бар.

Мәселені BAQ.KZ редакциясы назарында болады.

Өзгелердің жаңалығы