Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Кім бір уақытта екі жерде жұмыс істей алады? – Министрлік ресми мәлімдеме жасады

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
19 Қыркүйек 2025, 11:09
903
Бөлісу:

Қазақстан азаматтарына бір уақытта бірнеше жұмыс орнында еңбек етуге рұқсат етіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алайда, Еңбек кодексіне сәйкес белгілі бір шектеулер бар екенін ескертті.

Қандай шектеу бар?

  • негізгі жұмыстағы еңбек уақыты – 8 сағаттан аспауы тиіс;
  • қосымша жұмыстағы уақыт – 4 сағаттан артық болмауы керек;
  • жалпы алғанда тәулігіне 12 сағаттан артық жұмыс істеуге жол берілмейді.

Сонымен бірге, еңбек заңнамасына сәйкес:

  • 18 жасқа толмағандар, сондай-ақ ауыр, зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайындағы қызметкерлерге қосымша жұмыс істеуге тыйым салынады (медициналық қызметкерлерден басқа);
  • мемлекеттік қызметшілерге де қосымша жұмыспен айналысуға болмайды. Оларға тек педагогикалық, ғылыми және шығармашылық қызметке рұқсат берілген.

Ал кәмелет жасына толған, жоғарыда аталған санаттарға кірмейтін кез келген азамат қосымша жұмыс істей алады.

Вице-министр Олжас Анафиннің айтуынша, қазір Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі (ЕШЕБЖ) арқылы мониторинг жүргізіп жатыр. Бұл жүйе еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Жүйе енгізілгеннен кейін:

  • қағаз түріндегі еңбек шарттарын рәсімдеуден бас тартуға болады;
  • жұмысқа орналасу кезінде құжат жинау жеңілдейді;
  • жұмыс берушілер үшін кадрлық іс жүргізу оңтайланады;
  • қызметкердің жеке куәлігі, білімі, еңбек өтілі мен біліктілігі туралы нақты мәліметтерге қол жеткізу мүмкін болады.

Министрлік түсіндіргендей, қосымша жұмысқа рұқсат бар, бірақ еңбек уақыты мен заңдағы шектеулерді міндетті түрде сақтау қажет.

Өзгелердің жаңалығы