Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бірнеше сәтті жобаларды атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде жануарлар дүниесін қорғаудың сәтті тәжірибесінің тағы бір мысалы – киік популяциясының 2003 жылғы 21 мыңнан 2024 жылы 2 млн 833 мың басқа, ал көктемгі төлден кейінгі саны шамамен 4 млн басқа жетті. Қазіргі таңда киіктің әлемдік популяциясының 99 пайызы Қазақстанда мекендейді. Халықаралық табиғатты қорғау одағы Қызыл кітапта киіктің табиғи қорғау мәртебесін үш санатқа жоғары көтеріп, "Жойылу қаупі төніп тұрған" санатынан "Қауіп төну шегіне жақын" санатына ауыстырды, - дейді ведомство басшысы.
Сонымен қатар Нысанбаев Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Каспий итбалығының популяциясын сақтау мақсатында "Каспий итбалығы" табиғи резерватының құрылғанын атап өтті.
Оның сөзінше, Пржевальский жылқысын жерсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұрын бұл жылқылар еліміздің 9 облысын мекен еткен. Пржевальский жылқысы әлемдік жабайы табиғаттан 1960-жылдардың соңына қарай жойылып кеткен болатын. Алайда министрліктің халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының арқасында Қостанай облысындағы "Алтын Дала" резерватына Прага хайуанаттар бағынан алғаш рет 7 бас Пржевальский жылқысы (6 бие, 1 айғыр) әкелінді. Жалпы, 2029 жылға дейін 40 бас жылқы әкелу жоспарланып отыр, - дейді Экология министрі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізге тағы жолбарыстар әкелінетінін айтты. Сонымен қатар министр елімізде қанша қар барысы бар екенін және Қазақстанда ителгілердің қарасы азайғанын айтты.