Экология және табиғи ресурстар министрлігі сайғақтар мекендейтін өңірлердегі ауыл шаруашылығы алқаптарын сақтау және фермерлерге жедел көмек көрсету мақсатында 2024 жылы құрылған өңірлік жедел штабтар өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл туралы Мәжілістегі отырыста вице-министр Нұркен Қожамуратұлы Шарбиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Штабтар Ақмола, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында жұмыс істейді. Оларды облыс әкімдерінің орынбасарлары басқарады. Құрамына аумақтық инспекциялар, "Охотзоопром" РМҚК, ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар, ветеринария басқармалары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА), сондай-ақ аудан әкімдіктері мен ауыл шаруашылығы бөлімдері кіреді.
Штабтардың жұмысы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының бекітілген алгоритміне сәйкес, фермерлерге көмек көрсету жоспары аясында ұйымдастырылуда. Сонымен қатар жедел әрекет ету мақсатында WhatsApp мессенджерінде арнайы топтар құрылған, – деді вице-министр.
2024 жылы ауыл шаруашылығы жерлерін патрульдеуге және шаруаларға қолдау көрсетуге 568 адам мен 261 техника тартылған. Оның ішінде министрлік тарапынан – 442 адам мен 202 техника, ал жергілікті атқарушы органдардан – 126 адам мен 59 техника жұмылдырылған. Былтыр бұл көрсеткіш тиісінше 175 адам мен 77 техниканы құраған.
Сондай-ақ, 2025 жылы төлдеу маусымынан кейін сайғақтар саны 5 миллионнан асуы мүмкін деген болжамға сәйкес, олардың ареалының кеңеюі күтіліп отыр. Осыған орай, қазіргі адами және техникалық ресурстар фермерлерге қажетті көмекті толық көрсетуге жеткіліксіз болып отыр.
Қосымша ақпарат:
- Еділ-Жайық популяциясы бойынша – 52 мобильді топ (234 адам, 68 техника) екі ауысымда жұмыс істейді. Оның ішінде 202 адам – министрлік өкілі, 32 – жергілікті органдардан. Қосымша 20 топ, 60 адам және 26 техника қажет.
- Бетпақдала популяциясы бойынша – 108 мобильді топ (332 адам, оның ішінде 238 – министрліктен, 94 – МИО) және 94 техника жұмылдырылған. Қосымша 46 топ, 141 адам және 49 техника қажет.
Нұркен Шарбиевтің айтуынша, жедел шаралармен қатар, сайғақ санын тұрақты реттеу жүйесіне көшу – ұзақмерзімді әрі тиімді шешім болмақ.
Қазақстанда жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулерге сәйкес, популяция тұрақтылығына зиян келтірмей, жалпы санының 20%-ына дейін реттеуге болады. Бұл ретте шекті ең төменгі шек – 1 миллион бас. Егер саны осы межеден төмен түссе, кез келген түрде реттеу толықтай тоқтатылады, – деді ол.
Мұндай тәсіл Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) ұсыныстарына сәйкес келеді және заңсыз сауданы болдырмауға, сондай-ақ алынған өнімді ашық әрі бақыланатын экономикалық айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Түсетін табыс биологиялық әртүрлілікті сақтауға, фермерлерге қолдау көрсетуге және ауылдық аумақтардың орнықты дамуына бағытталады.
Еске сала кетейік, Мәжілісте киіктердің популяциясы мәселелері талқыланып жатыр. Ақмола облысы шаруаларының атынан сөз сөйлеген Ғалымхан Саханов киіктердің егінге тигізіп жатқан кесірі жайлы айтты. Ал Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, "Мұқадес" шаруа қожалығының басшысы Ақылбек Сағитов киік жыл сайын күрделі мәселеге айналып бара жатқанын айтты.
Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев Мәжілісте киіктердің популяциясы мәселелеріне қатысты жиында елде қанша киік барын мәлімдеді. Ал депутат Аманжол Әлтай жылқыға шөп таба алмай отырғанда, киікке қайдан табамыз деген мәселе көтерді.