Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Киік етін күнде жесе не болады?

29 Шілде 2025, 17:15
1383
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Киік еті – ағзаға жылдам сіңетін ақуыз, дәрумендер мен микроэлементтердің құнды көзі деп саналады. Алайда оны күнделікті жеуге бола ма? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Ақкүміс Салханова айтып берді.

Маманның айтуынша, тиісті термиялық өңдеуден өткізіліп, санитарлық талаптар толық сақталған жағдайда, киік етін азық-түлік ретінде қолдануға болады.

Ол ақуызға бай, құнары мол тағам түрлерінің бірі саналады. Алайда кез келген өнім секілді киік етін де үнемі тұтыну дұрыс емес. Тамақтану рационында әртүрлілікті сақтау – денсаулық кепілі. Сондықтан киік етін кейде пайдалы жылқы етімен, құс етімен немесе балықпен алмастырып отыру ұсынылады. Бұл ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдардың толық жеткізілуіне сеп болады. Сонымен қатар күнделікті ас мәзіріне көкөністер мен жемістерді, дәнді-дақылдар мен бұршақ тұқымдастарды, ашытылған сүт өнімдерін де қосқан жөн. Дәл осындай теңгерімді тәсіл ғана адам денсаулығына оң әсер етеді және иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі, - деді Ақкүміс Салханова.

Киік етінің құрамы қандай?

Қазақ тағамтану академиясының аккредиттелген зертханасында жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша, 100 грамм киік етінде:

20,1 грамм толыққанды ақуыз бар – оның құрамында лейцин, лизин, фенилаланин сынды барлық алмастырылмайтын аминқышқылдары кездеседі;

9,2 грамм май – негізінен тері астындағы май қабаты, онда олеин, линол, линолен сынды ағзаға пайдалы май қышқылдары теңгерімді араласқан;

Сонымен қатар дәрумендер мен минералдардың табиғи көзі саналады.

Киік еті кімдерге пайдалы болуы мүмкін?

Кәсіби және әуесқой спортпен айналысатындар үшін – бұлшықет тіндерін қалпына келтіріп, өсуіне қажет ақуыз, темір, карнитин мен аминқышқылдарға бай;

Ересектерге – қой еті секілді майлылығы жоғары ет түрлеріне балама ретінде ұсынылады;

Жүкті әйелдер мен балаларға – құрамындағы гемдік темір ағзаға оңай сіңетіндіктен, қан аздықтың алдын алуға көмектесуі мүмкін.

Алайда маңызды жайт – киік еті міндетті түрде ветеринарлық-санитарлық бақылаудан өтіп, жақсылап термиялық өңделуі қажет. Тек осы жағдайда ғана ол денсаулыққа қауіп төндірмей, пайдалы бола алады.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық ғалымдар киік етіне қатысты жаңалық ашты.

Өзгелердің жаңалығы