Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ . Киевтегі Қазақстан елшілігінің жанындағы телемұнарада жарылыс болған. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев хабарлады, деп жазды Қазақпарат.
Елші атап өткендей, 1 наурызда Киевтегі телемұнараның жанында жарылыс болған. Ал Қазақстан елшілігі зымырандық шабуылдан 800 метр қашықтықта орналасқан.
Түні бойы атыс дыбыстары естілді. Біздің барлық азаматтарымыз жертөледе орналасты. Қазақстандықтар арасында зардап шеккендер жоқ, - деді Дархан Кәлетаев журналистерге.
Сондай-ақ елші қазіргі уақытта Қазақстан елшілігін эвакуациялау мәселесі қарастырылмағанын айтты.
Егер біз кетсек, атамекеніне оралып үлгермеген қазақстандықтардың жағдайы не болмақ? Қазірдің өзінде нақтырақ айтсақ, автобус жүруге бір сағат қалғанда уақытта, адамдар телефон соғып, не істеу керектігін сұрай бастайды. Азаматтарымыз әртүрлі аймақтарда тұрады. Тіпті Киевте де көп адамдар бізге жете алмай жатыр. Егер кетіп қалсақ, олар не істейді? - деп атап өтті Қазақстанның Украинадағы елшісі.
Қазақстанның Украинадағы елшілігінің соңғы мәліметі бойынша, Киевтен Львовқа тағы үш автобус аттанған.
Бүгін Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі ұйымдастырған азаматтар мінген тағы 3 автобус Киевтен Львовқа жол тартты, - делінген елшілік хабарламасында.