Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80% электрондық форматқа көшіріп, 1 цифрлық және 5 көші-қон халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу жоспарланып отырғанын айтты.
«Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 752 көрсетілетін қызметтің 506 түрі автоматтандырылды. Яғни қызмет көрсету уақытын 40% қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл орта есеппен алғанда – 12 күннен 7 күнге дейінгі мерзім. Сонымен қатар, қағаз айналымы 60 миллион анықтамаға дейін қысқарған», - деді Абаев.
Министр 2018 жылы ел тұрғындарына 30 млн қызмет электронды форматта көрсетілгенін айтты.
«Астана мен Алматы қалаларында 3 көші-қон, 8 мамандандырылған, 16 цифрлық ХҚКО ашылып, биометрикалық деректер жинау жүйесі іске қосылды. 2018 жылы мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудан түскен пайда 1,1 млрд теңгені құрады», - деді министр.