Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласында 25-26 мамыр күндері "Сұңқар" халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде қазақ күресінің бір тармағы - белдесуден республикалық турнир өтті. Аталған күрес түрінен бақ сынауға Қазақстанның барлық аймағынан 1000-ға жуық балуан келді.
Екінші рет өткен турнир "Рухани жаңғыру" мақаласын іске асыру мақсатында ұмыт қалған көне балуандық өнеріміз "белдесу" спорт түрін қайта жаңғыртуды жүзеге асыру, жастарды спортқа тарту, қазақ халқының ұлттық спорт түрлерін насихаттап, спорттық салт-дәстүрін сақтауға жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылды.
Халық арасынан шығатын барысты анықтау шарасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР қазақ күресі федерациясы және "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қоры Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізді.
Күрес мерекесіне ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Е.Рамазанов, Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы Ж.Үшкемпіров, ҚР еңбек сіңірген спорт қайраткері Д.Биткөзов, ҚР қазақ күресі федерациясының президенті А.Шораев мырзалар қатысты.
Сондай-ақ, шара барысында "Алашұлы", "Ұлытау", "Тұран", "Алдаспан" топтары өнер көрсетіп, ұлттық құндылықтар мен атрибуттар насихатталатын театрландырылған шоу және акробатикалық көрсетілімдер, ат үстіндегі ұлттық спорт түрлерінің ерекшеліктері, семсерлесу сахналары болды.
Белдесуге келген 1000-ға жуық балуан жарыстың бірінші күні іріктеу кезеңінен өтті. Ал турнирдің екінші күні 32 балуан өзара күш сынасып, нәтижесінде:
І орын Нұралинов Дәуренге (Алматы қаласы) 9 000 000 теңге, диплом, медаль, шапан сыйға тартылды.
Жатықтырушысы Қиқымов Мақсатқа 1 000 000 теңге табысталды.
ІІ орын Жиентаев Талғатқа (Қостанай облысы) 4 500 000 теңге, диплом, медаль, шапан сыйға тартылды.
Жатықтырушысы Жиентаев Тоқтарға 500 000 теңге табысталды.
ІІІ орын Қырықбаев Ғалымжанға (Жамбыл облысы) 2 700 000 теңге, диплом, медаль, шапан сыйға тартылды
Жатықтырушысы Ақбергенов Бахтиярға 300 000 теңге табысталды.
ІV орын Мағауинов Ернар (Алматы қаласы) 1 800 000 теңге, диплом, медаль, шапан сыйға тартылды
Жатықтырушысы Насиев Ермек, 200 000 теңге табысталды.