Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов "Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: алғашқы нәтижелері" тақырыбында өткен ғылыми-практикалы конференцияда экономикадағы негізгі көрсеткіштер туралы баяндады.
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру үшін Жалпыұлттық жоспар қабылданды. Ол 81 іс-шарадан тұрады. Бұл 5 негізгі бағыт бойынша нақты шаралар: заман талабына сай тиімді мемлекет; азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету; қарқынды дамыған және инклюзивті экономика; әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі; қуатты өңірлер – қуатты ел, - деді Дәленов.Министр президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыруда үлкен жұмыстар атқарылғанын айтты. Дәленов конференцияда экономикалық қорытындылар, кәсіпкерлікті қолдау, өңірлерді дамыту, азаматтардың қатысуын кеңейту, бюджеттің фискалдық тұрақтылығы туралы баяндады.
Биыл Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларда көрініс тапқан 5 жылға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламалар әзірленді. 2019 жылы Қазақстан экономикасы жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Бізде экономиканың өсуі бар. ЖІӨ маусым айында 2,9%-дан 4,1%-ға дейін өсті, ал 10 айдың қорытындысы бойынша өсім 4,4%-ды құрады, - деді Ұлттық экономика министрі Орталық коммуникациялар қызметі алаңында.
Оның сөзінше экономикалық белсенділіктің артуы көбінесе шикізаттық емес сектор өндірісі көлемінің ұлғаюымен негізделеді. Оның ЖІӨ өсуіндегі үлесі 4,4%-дан 3,8 проценттік тармақты құрады.
Екі таңбалы өсім жеңіл өнеркәсіпте және фармацевтикада, сондай-ақ машина жасауда байқалады. Пайыздық өсім бойынша нақты көрсеткіштер бар. Мысалы 34 мың жеңіл автокөлік жиналған, бұл бұрынғыдан 1,5 есеге артық, ал жүк көліктерін құрастыру 3,4 есеге өсті. Жалпы өндірістік белсенділік еңбек нарығының көрсеткіштеріне оң әсер етті. Ағымдағы жылдың қазан айында жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ті құрады. Халықтың нақты табысы өсіп келеді, - деді ведомство басшысы.