Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуразиялық экономикалық одақта Қазақстан бұрын қол қойған келісімдерді өзгерту мүмкіндігі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Сенат «Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде, кедендік баждарды, салықтарды, арнайы демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді қолдану ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдаған болатын.
Осы мәселені талқылау барысында Сенат спикері егер ЕАЭО аясында біздің еліміз қандай да бір шарттарға қол қойса, бұл болашақта оларды қолданғанда олардың Қазақстан үшін пайдасын қарап, талдаудың қажеті жоқ дегенді білдірмейтінін атап өтті.
Егер біз бір кездері қол қойған болсақ, бұл келісімдерді өзгертпеуіміз керек дегенді білдірмейді. Бұл қалай жүзеге асырылатыны туралы белгіленген тәртіп бар. Бұл сұрақтарды көтеру керек. Бастамаларды көтеру, талқылау, мүдделі мемлекеттік органдармен кездесуді жүзеге асыру керек. Содан кейін ұсыныстар жинап, сұрақтар қоюға болады. Бұл - жұмыс процесі. Егер бір жерде біздің мүдделеріміз жеткіліксіз іске асырылып жатқанын көрсек, біз бұл мәселелерді басқа елдердегі әріптестеріміздің алдына шығаруымыз керек. Біздің ұстанымымызды ілгерілетуіміз қажет, - деп айтты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.