Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысында көпшілік жиналатын шараларға тыйым салынғанмен, өңірдің «сары аймаққа» өтуіне байланысты кезекші топтағы балалар үшін жаңажылдық ертеңгіліктер өзгеше форматта өтеді. Бұл туралы Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлімдеді.
Облыстың бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, осыған дейін білім беру мекемелеріндегі мәжіліс залдарында өткізіліп келген, дәстүрлі жаңажылдық ертеңгіліктерге рұқсат берілмейді. Енді олар бөлек топтарда өткізіледі. Ал ата-аналар шараны ZOOM платформасы арқылы тамашалай алады.
Мұндай шешім өңірде эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз болуынан қабылданып отыр. Короновирус инфекциясын жұқтыру оқушылардың арасында да кездесуде. 1 қазаннан бастап өңірде оқушылардың аталмыш дертті жұқтыруына қатысты 52 жағдай тіркелді, - деп атап өтті Айнагүл Мусина.
Айта кетейік, «Ақмола облысының аумағында карантиндік шектеу шараларын одан әрі күшейту туралы» Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 26 қарашадағы №224 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Осыған байланысты Көкшетау және Степногор қалаларына кіреберіс жолдардағы блокпостар алынады.