"Кез келгенін таңда, сен біріншісің": Куәгер сотта блогерлерден автокөлік ұтып алғанын айтты

Астанада блогерлерге қатысты резонанс тудырған іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.

 видеодан алынған кадр Бүгiн 2026, 15:52
Бүгiн 2026, 15:52
81
Фото: видеодан алынған кадр

Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сотта кезекті куәгерлерден жауап алынды. Олардың бірі курстарды сатып алғаннан кейін автокөлік алғанын растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бесінші куәгер оқу курсын сатып алып, автокөлік ұтысының жеңімпазы атанғанын айтты.

Мен курсты қарындасыма алып бердім, сонымен қатар көлік ұтып алдым. Негізі пәтер алғым келіп, ақша жинап жүрген едім, – деді ол.

Оның сөзінше, автокөлікті тапсыру ашық әрі ешқандай заңбұзушылықсыз өткен.

Мен олардың үйіне бардым, шай іштік, көлікті таңдадық. Олар: "Кез келгенін таңда, сен біріншісің" деді. Біз бірге Жол полициясына барып, кешке дейін бәрін рәсімдеп үлгердік. Барлығы ашық әрі таза өтті, – деп атап өтті куәгер.

Ол сатып алған курсты кейін туысына бергенін де жасырмады.

Сотта сондай-ақ айыпталушылардың мобилографы болып жұмыс істеген куәгер де сөз сөйледі. Ол ұтыс ойындарына қатысушылардың жалған адамдар немесе блогерлердің туыстары болмағанын мәлімдеді.

Олар туыстары емес. Бұл – жалған адамдар емес. Нақты, тірі адамдар, бұл отбасыға ешқандай қатысы жоқ, – деді ол.

Оның айтуынша, сотқа дейінгі тергеу барысында ол екі рет жауап берген және оған ешқандай қысым жасалмаған.

Іс бойынша не белгілі

Айыптау тарапының дерегінше, Жанабылов пен Төлегенова әлеуметтік желілердегі танымалдылығын пайдаланып, адамдарды ақылы курстар мен ұтыс ойындарына тартқан.

Қатысу құны шамамен 30 мың теңгені құраған. Қатысушыларға автокөлік, смартфон және ақшалай сыйлық ұтып алу мүмкіндігі уәде етілген. Жарияланған жүлделердің жалпы сомасы 200 млн теңгеден асқан.

Тергеу мәліметінше, курстардың нақты білімдік құндылығы болмаған және олар ұтыс ойындарын өткізуге бүркеніш ретінде қолданылған. Сонымен қатар блогерлердің әрекеттерінде лицензияланбаған лотерея қызметінің белгілері болуы мүмкін.

Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сәйкес, бұл схема арқылы түскен жалпы табыс 247,5 млн теңгені құраған. Тергеу аясында Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 көліктерін қоса алғанда 10 автокөлік және 17 iPhone тәркіленген.

Айыпталушыларға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ таңдалған.

Сот талқылауы жалғасып жатыр.

Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.

Бұған дейін 13 наурызда Астанада танымал блогерлер Жанабыловтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы болғанын хабарладық.

Белгілі болғандай, Жанабыловтарды сотта басқа адвокат қорғайды.

Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді. 

Сондай-ақ, блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сотта тергеу басталды. Сот процесінде алғашқы куәгерден жауап алынды. Жүлде ұтысын өткізуге арналған сайтты әзірлеген ІТ-маман Сұңғат Өтеболатов жауап берді.

Бүгінгі, яғни 18 наурыздағы сот отырысы барысында Жанабыловтардың адвокаты Гаухар Айтжанова 16 наурыздағы процестен кейін мемлекеттік айыптаушының жария түрде айтқан пікірлеріне байланысты оған ескерту жасау жөнінде өтініш білдірді.

Наверх