Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Уэльске қарсы (1:3) ойындағы жеңілістен кейін пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол тактикалық жоспар, бірінші таймдағы ойын және стандарттар кезіндегі қателіктер туралы айтты..
Бас бапкердің айтуынша, команда қарсыластың деңгейін ескеріп, белгілі бір тактиканы таңдаған.
Біз қарсыластың қаншалықты мықты екенін білдік, олардың ойыншыларының әлеуетін түсіндік. Сондықтан біз белгілі бір тактиканы қолдандық. Егер прессинг жасай алмасақ, белгілі бір қорғаныс блогында ойнап, допты тартып алуға тырысамыз. Бізде Самородов, Чесноков, Жақсылықов сияқты жылдам ойыншылар бар, олар Уэльс командасы доп жоғалтқан кезде қанаттардағы бос кеңістіктерді пайдалануы керек еді. Бірінші таймда бұл жоспар іске асты, – деді Әлиев.
Әлиев стандартты жағдайлар кезінде жіберілген қателіктер жеңіліске негізгі себеп болды деп есептейді.
Ең өкініштісі – біз стандарттармен көп жұмыс істедік, бірақ соған қарамастан екі гол өткізіп алдық. Біз өзімізге өзіміз екі гол соғып бергендей болдық, – деді бапкер.
Ол Уэльс құрамасының шеберлігіне күмән келтірмейтінін, бірақ Қазақстанның осы ойында ұпай алуға мүмкіндігі болғанын айтты.
Стандарттардағы мұндай қателіктер кешірілмейді, біз бұл бағытта әлі де көп жұмыс істеуіміз керек, – деп қосты Әлиев.
Енді Қазақстан құрамасы 25 наурызда Лихтенштейнге қарсы ойын өткізеді.