Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев тұқым шаруашылығы мен селекциялық ғылым саласындағы елеулі проблемаларды көтерді.
Бұл салада күрделі жағдай туындап отыр. Сондықтан оны шешуді кешеуілдетуге болмайды. Тұқымдық материал сапасы төмендеп барады, ал ауыл еңбеккерлері жыл сайынғы жинайтын егін де азая түсуде. Өнім сорттары мен будандарының шамамен 70%-ы, ал бірқатар дақыл және одан да көбірегі бізге шетелден әкелінеді. Демек, біз импорттық өнімдерге толық тәуелдіміз және азық-түлік саласындағы тәуелсіздігімізді де жоғалтып отырмыз, - деді сенатор.
Сонымен қатар, ол әкелінетін тұқымдардың басым көпшілігі біздің топырақ пен климаттық жағдайымызға бейімделмеген болып отырғанын айтты.
Бөлінген мемлекеттік субсидиялар шетелдік тұқымдарды арзандатуға жұмсалады. Отандық аграршы ғалымдарға өз жұмыстарын жүргізу үшін биыл әлі күнге дейін қаржы бөлінген жоқ, - деп атап өтті депутат.
Сенатор жағдайды жақсарту жөнінде бірқатар ұсынысын айтты. Оның басты мақсаты - жоғары өнімді және күйзеліске төзімді сорттар мен дақылдардың будандарын әзірлеу болуы керек. Бұл үдеріске міндетті түрде отандық аграрлық ҒЗИ мен жоғары оқу орындары, биотехнология орталықтары, сондай-ақ жетекші шетелдік ғалымдар қосылуы тиіс. Бұл үдерісті заңнамалық қолдау да маңызды.
Селекция мен тұқым шаруашылығындағы авторлық құқықтарды қорғау, қазіргі замандағы сертификаттау әдістерін қолдана отырып селекциялық жетістіктерді тіркеу, стандарттар мен ғылыми-әдістемелік базаны жаңарту жөніндегі заңнамалық және нормативтік базаны күшейту қажет. Сондай-ақ селекция және тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалдық-техникалық және зертханалық базасын нығайтуға көмек көрсету, елде ауыл шаруашылығы дақылдарының генетикалық ресурстарының Ұлттық банкін ұйымдастыру маңызды, - деді Ақылбек Күрішбаев.
Сенатор сондай-ақ тұқым шаруашылығы жүйесіне мемлекеттік қолдауды күшейтіп, отандық сорттарды субсидиялау тетігін қайта қарау керек деп санайды.
Бұл ұсыныстардың бәрі 2021-2025 жылдарға арналған АӨК дамыту жөніндегі әзірленіп жатқан ұлттық жобада көрініс тапқаны жөн, - дейді депутат.Айта кетейік, бүгін Сенат ЕАЭО аясында Қырғызстанның кедендік-тарифтік мөлшерлемесіне қатысты құжатты мақұлдады.