Ақтөбеде кортеж қатысушылары жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында шетелдік есепте тұрған бірнеше көлік құралының жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны бейнеленген бейнежазбаны анықтады.
Аталған көліктер кортеж құрамында қозғалып, жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіре отырып, жолдың жүріс бөлігінде кері бағытта қозғалған. Сондай-ақ автокөліктердің бірінде рұқсат етілмеген жарық беру құрылғылары орнатылғаны белгілі болды. Патрульдік полиция қызметкерлері аталған көлік құралдарын анықтап, оларды арнайы айыппұл тұрағына қойды. Төрт жүргізуші мен олардың жолаушыларына қатысты 28 әкімшілік хаттама толтырылды, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар рұқсат етілмеген жарық беру құрылғыларын орнатқан жүргізушіге қатысты материалдар тиісті шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде далада жүрген жылқыны атып, етін сатқан күдіктілер қолға түскен болатын.