Халық наразылығын «Алацем» зауытына артып отыр. Аталған кәсіпорынға тиесілі ауыр жүк көліктері аудандағы маңызды жолдардың сапасын бүлдірген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарыөзектен Жаркентке қатынаған жұрттың дені тас жолдың тас-талқаны шығып жатқанын айтуда. Қатты жылдамдықпен келе жатқан жеңіл көлік кенет алдынан шыққан шұңқырды байқамай, дөңгелегін жарып алуы мүмкін. Одан бөлек жөл-көлік оқиғасына да себеп болып отыр. Мұндай жағдайлар ауданда жиі қайталанып тұрады. Осы мәселені көтерген аудан тұрғындары облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа тілек-арызын жеткізді.
Аудандағы 7 ауылдың ішкі жолына орташа жөндеу жұмыстары істелді. Атап айтсақ, Шұбар, Қызылжар, Қоянкөз, Шанханай, Қазынсу, Көксай секілді елді мекеннің көше жолдары жаңарды. Одан бөлек 30 шақырымға дейінгі 33 көше жолы орташа жөндеу жүргізілді. Бүгінде аудан аумағынан 174 км республикалық маңызы бар автомобиль жолы бар. Оның басым бөлігіне жөндеу жұмыстары істелген, және қанағаттанарлық деңгейде тұр, - деді облыс басшысы.
Оның айтуынша, тұрғындардың өтінішін ескере отырып аталған өндіріс орны 37 км болатын арнайы техникалық жол салады. Бұл жұмыстар келесі жылы толықтай аяқталуы тиіс. Сондай-ақ «Қазавтожол» мекемесі ауыр жүк көліктерінің нормативтік шамадан тыс жүктелуін болдырмау мақсатында арнайы автоматтандырылған өлшеу жүйесін орнатпақ ниетте. Бұл үдеріс күздің аяғына дейін қолға алынады.
«Алацем» зауытына қарасты жүк көліктері жасалған жолды жылда шұрық-тесік етіп кетеді. Көктем сайын солай. Аудандағы көлік жолдары жүк көліктеріне арналмаған. Немесе жауапты мамандар жеңіл көлік те, жүк көлігі де қатынайтындай етіп, асфалтты қалыңырақ төсеу керек, - дейді аудан тұрғыны, жүргізуші Жанат Серіков.