Кербұлақ ауданында кәсіпкер тігін цехын ашты. Мұнда ол айына 20 млн. теңгенің өнімін өндіруді жоспарлап отыр. Кәсіпорында 20 жұмыс орны құрылып, оған 5 млн теңге инвестиция салынған, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа тігін цехы - Талдықорғандағы «Айсұлу Жетісу тігін фабрикасы» ЖШС-ның филиалы. Цех заманауи тігін құрал-жабдықтарымен қамтылған, мұнда медицинада қолданылатын бір реттік бұйымдар, сол сияқты сапалы материалдан арнайы киімдер тігіледі.
«Айсұлу» тігін фабрикасының директоры Жарылқасын Болатұлының айтуынша, ол мұндай филиалдарды облыстың әр аудан, қалаларында ашуды жоспарлап отыр.
Бұл біздің алғашқы филиалымыз. Қазір біздің экспортқа, соның ішінде Ресейге жіберуге дайындайтын тапсырыстарымыз көп. Оны орындауға бір ғана Талдықорғандағы тігін фабрикасының күші жетпейді. Сондықтан облыстың әр ауданында филиалдар ашып, сол өңірдің әлеуметтік әлжуаз санаттағы тұрғындарын жұмыспен қамтуды мақсат етіп отырмыз, – дейді Ж. Болатұлы.
Сарыөзектегі тігін фабрикасының айына бір реттік киімнің (медициналық бетперде, халат, комбинезондар) 50 мың данасын, 1 мың арнайы киім жиынтығын тігуге мүмкіндігі бар.