- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Кепілдендіру бизнеске қаржыға жол ашты: Halyk Bank 900 жобаны қолдады
Кепілдендіру бизнеске қаржыға жол ашты: Halyk Bank 900 жобаны қолдады
Halyk кәсіпкерлерге арналған кепілсіз кредит көлемін арттырды.
Бүгiн 2026, 16:10
ULTTYQ ÓNIM көрмесінде Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Ольга Вурос «Даму» қорының кепілдендіру құралы микро және шағын бизнеске қаржыға жол ашқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сессия Астанада қазақстандық өндірушілердің IX көрмесі аясында өтті. Жиынның негізгі тақырыптарының бірі бизнеске берілетін несиелерді кепілдендіру мәселесі болды. Бұл бағытта Halyk пен «Даму» қорының ынтымақтастығы кәсіпкерлер үшін тиімді құралға айналды. Себебі клиент үшін кепілдіктің негізгі бөлігін қор өз мойнына алады, ал банк бизнесті дамытуға қажетті несиені береді.
Оның айтуынша, «Даму» қорының кепілдігі жоба құнының 85 пайызына дейін жетуі мүмкін. Ал кепілдендірудің ең жоғары сомасы 3,5 млрд теңгеге дейін қарастырылған. Дегенмен банк үшін басты қағида – жобаның сапасы мен қайтарымдылығын мұқият бағалау.
Кепілдік 85 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бірақ бұл банк өз кредиттік рейтингінен бас тартуы керек деген сөз емес. Біз әр жобаны жан-жақты талдаймыз. Компанияның өз қатысу үлесін, кепілдік қамтамасыз етуін, нарықтағы жағдайын қараймыз. Halyk статистикасы бойынша біздегі орташа кепілдендіру көлемі 55 пайыздан аспайды, – деді Ольга Вурос.
Оның сөзінше, осы бағдарлама аясында қолдау тапқан жобалардың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асқан. Бұл – «Даму» қорының портфельдік кепілдендіруі арқылы қаржыландырылған жобалардың жиынтық портфелі. Қазір мұндай жобалардың саны 900-ге жеткен.
Орташа кепілдік көлемі шамамен - 126 млн теңге. Бұл кепілдендіру құралының негізінен микро және шағын бизнесті қолдауға бағытталғанын көрсетеді. Ольга Вуростың айтуынша, кепілдіктердің 85 пайызы дәл осы сегменттегі жобаларға берілген.
Кепіл жетпесе де бизнеске жол ашылды
Ольга Вурос кепілдендіру бағдарламасы бұрын банктен қаржы ала алмаған кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндік бергенін айтты. Себебі кейбір клиенттерде кепіл мүлкі жеткіліксіз болған немесе жоба тәуекелді саналған.
Бұл бағдарлама бізге бұрын кіре алмаған жобаларды бастауға мүмкіндік берді. Яғни кепіл жеткіліксіз болғанымен, әлеуеті бар жобаларды қаржыландыруға жол ашты, – деді Ольга Вурос.
Мысал ретінде Ольга Вурос Астана маңындағы Қосшы қаласында емхана мен аурухана салуға бағытталған жобаны атады. Сонымен қатар құрылыс материалдарын өндіру саласындағы бастамалар да қолдау тапқан.
Оның айтуынша, қаржыландырылған жобалардың 70 пайызы инвестицияға бағытталған. Тағы 20 пайызы айналым қаражатын толықтыруға, 10 пайызы қайта қаржыландыруға жұмсалған.
70 пайыздың инвестицияға бағытталуы – өте маңызды көрсеткіш. Бұл жаңа өндірістік қуаттардың пайда болуы, жаңа жобалардың іске қосылуы және Қазақстан экономикасына нақты үлес деген сөз, – дейді Ольга Вурос.
Halyk бизнеске кредит беруде жетекші орында
Ольга Вуростың айтуынша, Halyk – Қазақстандағы бизнесті қаржыландыратын ең ірі кредиторлардың бірі. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша заңды тұлғаларға берілген кредит портфелі 8,6 трлн теңгені құраған.
Оның сөзінше, Қазақстан экономикасындағы бизнес-кредиттердің 50 пайызы Halyk арқылы берілген. Портфельдің негізгі бөлігін ірі корпоративтік бизнес құрағанымен, шағын және орта бизнеске арналған бағыт та ауқымды.
Біз “Даму” қорымен бірлесіп көптеген бағдарламаны іске асырып келеміз. Бизнеске субсидиялау, кепілдендіру және “Өрлеу” секілді бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіледі. Әсіресе “Өрлеу” бағдарламасы өткен жылы кәсіпкерлер арасында үлкен сұранысқа ие болды, – дейді Ольга Вурос.
Әйелдер кәсіпкерлігіне арналған бағдарлама бар
Halyk әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытында да арнайы бағдарлама іске асырып келеді. Банк жыл сайын өз қаражаты есебінен жеңілдетілген қаржыландыру бөледі.
Ольга Вуростың айтуынша, биыл бұл мақсатқа шамамен 1 млрд теңге қарастырылған. Қатысушылар алдымен оқудан өтіп, бизнес-жоспар әзірлейді және жобаларын таныстырады.
Біз өңірлерге барып, қатысушыларды жинаймыз, оқыту өткіземіз, бизнес-жоспар дайындауға көмектесеміз. Олар өз жобаларын қорғайды. Visa-мен бірлесіп үздік жобаларды таңдаймыз. Visa өз гранттарын береді, ал біз жеңілдетілген қаржыландыру лимиттерін ұсынамыз, – дейді Ольга Вурос.
Кепілсіз кредит бойынша шешім 5 минутта қабылданады
Ольга Вуростың айтуынша, Halyk-тің басты артықшылықтарының бірі – клиенттік базасы. Қазақстандағы ірі бизнестің 85 пайызы банк арқылы транзакция жүргізеді. Бұл скорингтік модельдерді сапалы қалыптастыруға мүмкіндік береді.
2020 жылдан бастап Halyk алдымен жеке кәсіпкерлерге, кейін ЖШС-лерге арналған толық цифрлық шешімдерді іске қосқан. Қазір клиент банкке бармай-ақ онлайн өтінім бере алады.
Банк жеке кәсіпкерлер бойынша 100 млн теңгеге дейін, заңды тұлғалар бойынша 300 млн теңгеге дейін кепілсіз кредит беру туралы шешім қабылдай алады.
Шешім 5 минут ішінде қабылданып, қаражат клиенттің шотына түседі, – деді Ольга Вурос.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан кейде «өтінім неге мақұлданбайды?» деген сұрақ жиі қойылады. Мұндай жағдайда банк бизнеске ашықтықтың маңызын түсіндіреді.
Бизнес неғұрлым таза әрі ашық болса, соғұрлым кредиттік скоринг жақсарады. Барлық транзакция көрінуі керек, төлемдер жасалуы керек, салық төленуі қажет. Осының бәрі кәсіпкердің қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігін арттырады, – деді Ольга Вурос.
AI кредит сарапшысына көмекші құралға айналды
Ольга Вуростың айтуынша, Halyk соңғы жылдары кредиттеу процесіне жасанды интеллект элементтерін енгізе бастаған. Банк кредит сарапшыларына арналған AI-көмекші құралдарды дамытып жатыр.
Оның сөзінше, кәсіпкер үшін кредит алу процесі әдетте күрделі. Құжат көп, банк көптеген сұрақ қояды, транзакцияларды, төлемдерді және келісімшарттардың орындалуын талдайды. Сондықтан банк осы процесті барынша жеңілдетуді мақсат етіп отыр.
Қазір Halyk клиенттің қаржылық деректерін әртүрлі форматта қабылдай алады. Жүйе ақпаратты өңдеп, негізгі қорытындыларды көрсетеді және кредит талдаушысына базалық функцияларды орындауға көмектеседі. Дегенмен соңғы шешімді әзірге адам қабылдайды.
Жасанды интеллект өте қатал. Ал адам жұмсағырақ, өйткені ол жобаның артында нақты адамдар тұрғанын көреді. Сондықтан біз AI технологияларын белсенді қолданамыз, бірақ финалдық верификация мен келісімді сарапшылар жасайды, – деді Ольга Вурос.
Ең оқылған:
- Мал бағып жүрген ұлын іздеп шыққан: БҚО-да адасып кеткен әйел табылды
- Қытай АҚШ-ты Кубаға қысымды тоқтатуға шақырды
- Ең төменгі жалақы 150 мың теңге болса, кімнің жалақысы өсетіні айтылды
- Алматы облысында жүрген «зебралар» есек болып шықты
- Трамп Ормуз бұғазында кеме қатынасына төлем енгізуге қарсылық білдірді
Олжас АДАЙ