Кентауда әжелер сайлаушыларға наурыз көже үлестірді

19 Наурыз 2023, 10:56
1171
Бөлісу:
Кентауда әжелер сайлаушыларға наурыз көже үлестірді
PHOTO
Фото: Түркістан өңірлік коммуникация қызметі

Оңтүстік өңірдегі Кентау қаласында да сайлау қызу өтіп жатыр. Кеншілер қаласындағы 35 сайлау учаскесіне 56 172 дауыс беруші тіркелген, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Кентау қалалық «Әжелер алқасының» төрайымы Роза Жұмабаева №24 Тұрар Рысқұлов атындағы мектепте орналасқан №899 сайлау учаскесіне бір топ әжелерді бастап келіп, ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен барша жиналғандарды құттықтап шықты. 

Кентауда әжелер сайлаушыларға наурыз көже үлестірді

Ақ кимешек киген әжелер құр қол ғана келіп қоймай сайлаушыларға қазақтың ұлттық тағамдары бауырсақ пен құрт-ірімшік үлестіріп, мерекенің басты символы наурыз көжеден дәм татқызды.   

Кентауда әжелер сайлаушыларға наурыз көже үлестірді

Барлығыңызды бүгінгі өтіп жатқан сайлаудың басталуымен және алда келе жатқан көктем мен жыл бастауының жаршысы Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Еліміздің ертеңіне жан-тәнімен атсалысатын шынайы да адал азаматтарды таңдау – келешегіміздің кепілі. Сол үшін біз бүгін бір топ әжелер арнайы ақ батамызбен, ақ ниетпен келіп отырмыз. Наурыз да әне-міне басталғалы отыр. Жаңа жылдың басын Жаңа Қазақстанның жаңа депутаттарымен бастағалы отырмыз. Жыл жақсылықтарға тола берсін, - деді Роза әже ақ батасын беріп. 

Кентауда әжелер сайлаушыларға наурыз көже үлестірді

№899 сайлау учаскесінің төрайымы Бибігүл Бөрібайқызының айтуынша, мұнда 2286  дауыс беруші тіркелген, оның қазіргі таңға дейін 150-ден астамы өз таңдауын жасап үлгерген. 

Еске сала кетсек, Түркістан облысы бойынша 19 наурызда өтіп жатқан Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау барысын бақылауға 16 шет мемлекеттен 25 бақылаушы келген. Сайлауға түсіп жатқандардың ең кішісі – 21 жаста болса, ең үлкені – 70 жаста. 

Өзгелердің жаңалығы