Эвакуацияланғандар арасында 10 бала болды. Зардап шеккендер тіркелген жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылғы 1 сәуірде сағат 22.00-де 101 пультіне Кентау қаласындағы 3 қабатты тұрғын үйдің шатырынан өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына Түркістан облысы ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Өрттің ауданы 4 шаршы метрді құрады.
Өртті сөндіруге Түркістан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен жеке құрамынан 10 адам мен 4 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер өртті сөндіру және адамдарды қауіпсіз орынға эвакуациялау жұмыстарымен айналысты.
Оқиға орнынан 50 адам, оның ішінде 10 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Өрт сағат 22.11-де оқшауланып, сағат 22.30-да сөндірілді. Зардап шеккендер тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен материалдық шығыны анықталуда, - делінген Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарламасында.
Түркістан облысы ТЖД азаматтардан мына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға кеңес береді:
- ашық отты қолданбаңыздар;
- балкондарда жанғыш материалдарды, ескі жиһаздарды, макулатураларды және отқа себепкер болатын басқа заттарды сақтамау керек;
- пәтерден шыққан кезде әрқашан балкондардың терезелері мен есіктерін жабыңыз, оларға кішкентай балалардың кіруін шектеңіздер;
- балконда алғашқы өрт сөндіру құралдарын сақтаңыздар;
- мүмкіндігінше балкондар мен лоджияларды каптап тастаңыз, терезелерді ашық қараусыз қалдырмаңыздар;
- балкондар мен лоджиялардан темекі тұқылдарын тастамаңыздар.
Күнделікті өмірде өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтау өртті болдырмауға мүмкіндік береді.
Өрт кезінде 101 немесе 112 нөмірлері бойынша хабарлаңыздар.