«Alageum Electriс» компаниялар тобына кіретін «Кентау трансформатор зауыты» АҚ бұрын-соңды Қазақстанда өндірілмеген трансформаторлар мен түрлі электр жабдықтардың 400-ден астам түрін шығарады, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Олардың барлығы дерлік экспорттық сұранысқа ие екен. Мұны зауыт басшылығы БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур барысында айтты.
Қазіргі таңда «Кентау трансформатор зауыты» қуаттылығы 80 000 кВА дейінгі кернеуі 6, 10, 20, 35, 110 кВ күштік, майлы және құрғақ трансформаторлар, қосалқы станциялар, төмен және жоғары вольтты ұяшықтар, вв-АЕ-12 6-10кВ вакуумдық ажыратқыштар және тағы электр жабдықтарын жасайды.
«Кентау трансформатор зауыты» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Құдайбергеновтің айтуынша, зауыт шығаратын өнімнің 40%-ы экспортқа сатылады екен.
Шығарған өнімнің 40%-ын экспортқа, атап айтқанда Шығыс Еуропа елдеріне, Ресей, Түркия, Армения, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолияға сатамыз. Ал 60%-ы Қазақстан ішінде сатылады. Біз қазақстандық нарықты толық қамтып отырмыз. Бізбен бәсекелес зауыттарды айтсам, Ресейде 15, Түркияда 50, Қытайда 1000-нан астам зауыт бар. Біз солармен бәсекелесеміз. Біздің тауар бағасы мен сапасы жағынан бәсекеге шыдас беріп отыр. Мұны экспорттау үлесіміздің 40% екенін-ақ көруге болады. Сондай-ақ, қазір ішкі нарықты түгелдей біз жабамыз. Сапасы жоғары болуы конструкторлық бюромыздың жаңа өнім әзірлей білу шеберлігі мен біз пайдаланатын технология байланысты болып отыр. Сондай-ақ, пайдаланатын шикізат та сапалы. Арнайы қабылдап алып, тексеретін бақылау бөлімі жұмыс істейді. Бәрін өзіміз тексереміз. Орау, дәнекерлеу, кесу және тағы басқа жұмыстың сапасын толықтай тексеріп отырамыз. Цехта бақылаушы бәрін қадағалайды, — дейді Бауыржан Құдайбергенов.
Зауытта жыл сайын жаңа өнім шығарып, тауар ассортиментін кеңейту де басты назарда ұстайды.
Жылда жаңа өнімді игеру бойынша теміржолшыларға, тау-кен өндірісі, мұнайшыларға жаңа трансформаторлар шығарамыз. Жобалау институттарымен тығыз байланыс орнатқанбыз. Құрғақ трансформаторлардың түр-түрін шығарамыз. Жылына 15 түрлі жаңа өнім жасаймыз. Қазір шикізаттың 15 пайызын ғана сырттан әкелсек, қалған 85%-ы өзіміздің жергілікті шикізат пен бөлшектер. Трансформаторларымыздың локализациясы 85% боп отыр. Өнімділік былтыр тағы 20 пайызға артты. Зауытта 1100 адам жұмыс істейді. Кентау трансформатор зауытының басты ерекшелігі — өнімдерін заманауи қондырғылар негізінде жасап шығарады. Роботизация, автоматизация енгізгенде біз жұмысшылардың біліктілігін ауыстырамыз. Қазір екі технологиялық жабдық алдық. Соны ендіріп, қандай экономикалық эффект бергенін зерттеп жатырмыз. Робот қаншама жұмысшының міндетін бір өзі жасайды. Сол кезде міндетінен босаған жұмысшыларды басқа орынға қоямыз. Жыл сайын жаңа өнімдер шығарамыз, — дейді Басқарма төрағасы Бауыржан Құдайбергенов.
«Кентау трансформатор зауыты» «Alageum Electric» холдингтік компаниясының құрамына кіреді. 1959 жылы негізі қаланған кәсіпорын КСРО ыдыраған соң, серіктестерінен айырылып, жалақы бойынша үлкен мөлшерде қарыздарға батып, банкрот жағдайында болған. Зауыттың жаңа тарихы 1997 жылдан Сайдолла Қожабаевтың басшылығындағы инвестор келгеннен кейін басталды. «Alageum Electric»-ке кірген сәтте зауыт банкроттық сатысында болып, зауыттың салықтар бойынша қарыздары 76 млн. теңгеге, жалақы бойынша — 53 млн.теңгеге жетті. 26 жылда зауыт банкроттықтан шығарылып қана қоймай, өндірістік процестер мен қаржылық нәтижелерді жоғары деңгейге көтеріп, тауарлық өнім өндіру деңгейін 100 есе арттырды. Осылайша, 1997 жылғы 17 қарашада электр машина жасау саланың флагманы және инновациялық дамудың қозғалтқышы болып табылатын «Alageum Electric» тобы құрылды.
1997 жылы кәсіпорынның өнім номенклатурасы тек 10 түрлі болса, бүгінде өнімдер тізімі 400-ге жетті.
Зауыт Кентау қаласындағы қаланы қалыптастырушы кәсіпорынға жатады. Соңғы 6 жылда Кентау трансформатор зауыты ел бюджетіне салық төлемдерінің жалпы сомасы 16 млрд теңгеден асты.
Білікті мамандар бар жерде өнімділік те жоғары. Сондықтан зауыт басшылығы мамандар даярлау жағына әрдайым баса көңіл бөледі. Зауыттың арнайы бөлдірген қаржысына талантты қызметкерлер Ресей, Украина, Қытай елдеріндегі жоғары оқу орындарынды оқып бітірді. 2012 жылы «Alageum Electric» қажетті инженерлік кадрларды даярлау мақсатында Кентауда Қазақ-неміс политехникалық колледж ашты. Бұл колледжде студенттер дуалды жүйе бойынша оқиды, оның аясында практикалық сабақтар КТЗ зауытында өтеді. 11 жыл ішінде колледж зауыттың қазіргі қызметкерлерінің көп бөлігін дайындады, бірнеше мың адамды оқытты. Осы жылы зауытта арнайы дуалды жүйесі бойынша жаңа оқу орталығы. Зауытта Жапонияның Кайдзен жүйесі кеңімен қолданылады және де кәсіпорында «Жас лидерлер клубы» жұмыс істейді, — дейді Бауыржан Құдайбергенов.
Зауытта ондаған жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандар көп. Олардың бірі — Тамара Бекболатова.
— Зауытқа 34 жыл бұрын үйренуші-шәкірт боп келдім. Міне, қазір қалыптаушы боп істеп жатырмын. Кентау тұрғынымын, — дейді Тамара Бекболатова.
Ал Жасұлан Садақбаев құрғақ трансформатор жасау цехында жұмыс істейді
Мен құрғақ трансформатор цехында ораушы-оператормын. НН трансформатоларын жасап жатырмыз. Зауытта жұмыс істеп жатқаныма 10 жылдан асты. Кентауда тұрамын, — дейді Жасұлан Садақбаев.
Жалпы «Alageum Electric» компаниялар тобында барлығы 4500-ден астам адам жұмыс істейді.