Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Кениядағы наразылықтар кезінде қаза тапқандар саны 38 адамға жетті

12 Шілде 2025, 00:32
727
Бөлісу:
 REUTERS/Suleiman Mbatiah
Фото: REUTERS/Suleiman Mbatiah

Кенияда үкіметке қарсы наразылықтар салдарынан қаза тапқандар саны 38 адамға жетті. Бұл туралы елдің Адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссиясы (KNCHR) ресми мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұйым таратқан ақпаратқа сәйкес, 130-дан астам адам түрлі деңгейде жарақат алған. Зардап шеккендердің бір бөлігі медициналық мекемелерде ем алса, кейбірі үй жағдайында көмек көрсетіліп жатыр.

KNCHR Кения Денсаулық сақтау министрлігінен жараланғандарға көрсетілген медициналық қызмет үшін барлық төлемдерді жоюды талап етті. Комиссия билікті зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғауға шақырып отыр.

Наразылықтар ел аумағында 25 маусымда басталған. Полиция тарапынан болған қатыгездікке қарсы шыққан тұрғындар елдің 27 округінде шерулер өткізді. Мыңдаған жас Найробидің орталық аудандарына жиналып, әлеуметтік әділеттілік пен үкіметтің әрекеттеріне жауапкершілік талап етті. Полиция бұл шараларға резеңке және жауынгерлік оқтар, су атқыштар секілді құралдар қолданып, демонстранттарды таратуға тырысты. Құқық қорғау ұйымдары тәртіп сақшыларының күш қолдануын шамадан тыс деп бағалап отыр.

9 шілде күні Кения президенті Уильям Руто халыққа үндеу жасап, тәртіпсіздікке жол бергендерге қатаң шара қолданылатынын айтты. Ол наразылық акцияларын ұйымдастырушылар мен демеушілер елдегі инфрақұрылымға зиян келтіріп, адамдардың өміріне қауіп төндіргені үшін жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Азаматтық қоғам өкілдері мен халықаралық ұйымдар билікті диалогқа келуге шақырып, халықтың бейбіт түрде наразылық білдіру құқығын қамтамасыз етуді талап етуде. Кениядағы жағдайға халықаралық қоғамдастық та алаңдаушылық білдіріп отыр. Қазіргі уақытта елде тәртіпсіздіктерді реттеу, жағдайды тұрақтандыру және адам шығынын болдырмау үшін нақты қадамдар қажет етіліп отыр.

Өзгелердің жаңалығы