Алматы, BAQ.KZ. 200 мың баррел мұнай тиеген кеме Кенияның Момбаса портынан аттанып кетті. Осылайша, Кения Шығыс Африка елдері ішінде мұнай экспортын жасаған алғашқы ел болып отыр.
Бұл туралы ел президенті Ухуру Кенията Момбас портына барған кезде айтты, деп хабарлады Синьхуа агенттігі.
Оның айтуынша, күкірт деңгейі төмен мұнайдың алғашқы партиясы 12 млн долларға сатылған, бұл алдын ала болжамнан асып түскен.
Кенияның мұнай және минералды ресурстар министрінің орынбасары Эндрю Камау бұған дейін 400 мың баррель мұнай экспортын жасайтындықтарын айтқан болатын.
Бұл елде қазір «ерте кезеңдегі мұнайды игеру» бағдарламасы іске асырылуда. Э. Камау осыған байланысты күніне 2 мың баррель мұнай өндіріп жатқандарын айтады.
Кенияда мұнай кен орындарын барлау жұмыстары 2012 жылы басталған. Барлау жұмыстарын жүргізген компанияның болжамынша, бұл елдегі мұнай қоры 750 млн баррельді құрайды.