Кеңес ұйым деңгейіне көтерілсе, қабылданатын құжаттар анағұрлым салмақты болары анық – сарапшы

2 Сәуір 2021, 10:22
1762
Бөлісу:
Кеңес ұйым деңгейіне көтерілсе, қабылданатын құжаттар анағұрлым салмақты болары анық – сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістанда онлайн форматта өткен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, PhD докторы Айболат Дәлелхан пікір білдірді.

Түркі тілдес мемлекеттер өздерінің тілдік, діни, мәдени-рухани ұқсастықтарына, тарихи сабақтастығына және географиялық жақындығына қарамастан осы уақытқа дейін аталған ұқсастықтар мен ортақтықтан жеткілікті деңгейде пайда көрме алмай келе жатыр. Кеңес одағы ыдырап, қоскіндікті әлемдік тәртіптің жойылғанына 30 жыл уақыт өтсе де, ортақ мүдделі берік саяси-экономикалық құрылым құрылмады. Керісінше түркітілдес мемлекеттердің әрқайсысы әр түрлі саяси-экономикалық ұйымдарға мүше, - дейді сарапшы.

Сондай-ақ Айболат Дәлелханның сөзінше, әскери қауіпсіздік мәселесі бойынша кей түркі тілдес мемлекет майдан шебінің екі жағында. Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы шеңберінде Армениямен одақтас болып келетін еліміз Таулы Қарабақ мәселесі бойынша ыңғайсыз жағдайға кездесіп қалып жатады. 

2015 жылы НАТО-ға мүше Түркия ресейлік әскери-жойғыш ұшақты атып түсірген соң қалыптасқан дағдарысты жағдайды шешу бағытында Қазақстанның көп еңбектенуіне тура келді. Елбасының беделі мен белсенді дипломатиялық әрекетінің арқасында орыс-түрік шиеленісі оң шешіліп, еуразиялық геосаяси жағдай мүлде басқа бағытта дамыды. Осы жағдайларды есепке ала отырып, Түркі Кеңесі саммиттерінде соңғы уақыттары көтеріліп жүрген бастамаларды нақты, толыққанды жүзеге асыруға жұмыс жасау керек, - деп атап өтті университет доценті. 

Дәлелхан өз сөзінде Түркі кеңесінің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлының Баку саммитінде жасаған ұсынысы, яғни кеңесті ұйым деңгейіне көтеру бастамасы кеңеске мүше мемлекеттер тарапынан қолдау тауып отырғанын айтты. 

Осы жолғы бейресми саммитте Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған кеңесті ұйым деңгейіне көтеру уақытының келгенін тағы бір мәрте баса атап өтті. Кеңес ұйым деңгейіне көтерілсе, ұйым шеңберінде қабылданатын құжаттар мен келісімдер анағұрлым салмақты болары анық. 152 млн халқы бар, 1,5 трлн АҚШ долларын құрайтын экономикалары бар түркі тілдес мемлекеттер өзара ортақ саяси-экономикалық ұстанымдар қалыптастыра білсе, қазіргі алма-ғайып халықаралық қатынастарда сырттан төнер қауіп-қатерлер мен жаңа сын-тегеуріндерге бірлесе төтеп берері сөзсіз, - деген пікір білдірді ол. 

Сонымен қатар Айболат Дәлелхан айтып өткендей, қазір әлі де болса толық қалыптасып үлгермеген әлемдік тәртіпте түркі тілдес мемлекеттердің өзінің лайықты орнын алуына толыққанды құқығы, әрі мүмкіндігі бар. Ол үшін кеңеске мүше мемлекеттердің шынайы ниеті мен жауапты тұлғалардың нақты әрекеттері қажет.

Өзгелердің жаңалығы