Қазақстанда мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесі бекітілді. Соңғы айларда талқылауға түскен бұл шешімді бір тараптың мүддесін қорғау деп қабылдауға болмайды. Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, кен өндіру мен металлургияны өзара байланысты бір өндірістік тізбектің буындары ретінде қарастырған жөн, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Концентрат өндірушілер өңдеуге жұмсалатын шығынды азайтуға мүдделі. Ал металлургиялық кәсіпорындарға өндірісті ұстап тұруға, жаңғыртуға және жаңа қуаттарды іске қосуға қаражат қажет. Алайда осы айырмашылық екі саланың мүддесі бір-біріне қайшы дегенді білдірмейді.
Кен өндірілмесе, зауыттарға түсетін концентрат та болмайды. Ал металлургиясыз еліміздің өз шикізатын өңдеу және одан кейінгі өндіріс сатыларын дамыту мүмкіндігі шектеледі. Шын мәнінде, бұлар – бір өнеркәсіптік тізбектің өзара байланысты екі буыны, - дейді Айбар Олжай.
Оның пайымынша, қабылданған әдістеме осы екі буынның дамуына ортақ экономикалық ережелер қалыптастыруға бағытталған. Жаңа тетік өңдеу құнын есептегенде экономикалық тұрғыдан негізделген шығындарды, нормативтік пайданы және инвестициялық құрамдасты ескеруді көздейді.
Бұл өңдеуші кәсіпорындарға өндірісті ұзақ мерзімге жаңғыртуды және жаңа жобаларды жоспарлауға мүмкіндік береді. Ал концентрат өндірушілер үшін өңдеу құнын есептеудің бірыңғай негізін қалыптастырып, баға белгілеу қағидаларын түсініктірек етеді.
Мен бұл әдістемені бір тараптың пайдасына қабылданған шешім емес, саланы дамытуға ортақ экономикалық ережелер қалыптастыратын тетік деп қарастырар едім, – дейді ол.
Айбар Олжай жаңа металлургиялық қуаттардың іске қосылуы бүкіл өндірістік тізбекке мүмкіндік ашатынын айтады. Мұндай жағдайда кен өндірушілер концентратты өткізудің қосымша жолдарына ие болады. Сондай-ақ өздері де өңдеу саласына инвестиция сала алады.
Отандық металлургияның дамуы мысты балқытумен шектелмейді. Ол шикізатты одан әрі өңдейтін жаңа кәсіпорындардың құрылуына негіз бола алады. Мәселен, катодты мыстан мыс шыбығын, сым, кабель, фольга, электротехникалық бөлшектер және басқа да өнімдер шығаруға болады.
Катодты мыс – дайын металл болғанымен, өндірістік тізбектің соңғы өнімі емес. Оның негізінде өңдеудің келесі сатыларын дамытуға болады. Мұндай жобаларға кен өндіруші немесе металлургиялық компанияларға қатысы жоқ өзге инвесторлар да келе алады. Олар үшін елде металлургиялық базаның болуы – келесі өндіріс сатыларына қажетті шикізатқа қол жеткізудің әлеуетті мүмкіндігі, – дейді экономист.
Осылайша, мыс өңдеу саласының дамуы электротехника, машина жасау, энергетика және өзге де сабақтас өндірістерге инвестиция тартуға жол аша алады.
Оның пікірінше, Қазақстан минералдық-шикізат базасын дамытуда елеулі нәтижеге жетті. Енді кен өндіру көлемінің өсуімен қатар металлургия да соған сай дамуы қажет. Қабылданған әдістеме кен өндіру, металлургия және одан кейінгі өңдеу сатыларының біртұтас өнеркәсіптік жүйе ретінде қалыптасуына жағдай жасайтын қадам болмақ.
Түпкі міндет – кен өндірушілер мен өңдеушілер арасындағы табысты қайта бөлу емес. Бастысы – өндірістік тізбекті кеңейтіп, Қазақстанның ішінде жаңа инвестицияға, кәсіпорындарға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік жасау, - деп түйіндейді Айбар Олжай.