Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда елордада АИТВ дертіне шалдыққандардың 92%-ы өздерінің мәртебесін біледі. Бұл туралы қалалық ЖИТС орталығының директорының орынбасары Салтанат Мусина хабарлады.
Оның айтуынша, олардың 77%-ы антиретровирустық терапияны (АРТ) қабылдайды. АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 87 пайызында вирустық жүктеме басылған.
Өкінішке қарай кемсітушіліктің кез келген түрін әлі де кездестіреміз. Осы кемсітушілік жойылған жағдайда АИТВ-инфекциясы эпидемиясының өсу қарқыны едәуір қысқарар еді. Сол себепті де айтулы даталардың пайдасы көп. Біз стигмаға барынша көңіл бөле отырып, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың мүмкіндігін арттырамыз, олардың ем ала отырып, өмір сүру сапасы мен ұзақтығын жақсартуға септігімізді тигіземіз, - деп атап өтті қалалық ЖИТС орталығы директорының орынбасары.
Еске сала кетейік, 1 наурыз Біріккен Ұлттар ұйымының бастамасы бойынша Кемсітушілікпен күрес күні болып атап өтіледі.
Ұйымның биылғы ұраны – «Зиян келтіретін заңдарды жою. Мүмкіндіктерді кеңейтетін заңдар қабылдау». АИТВ-ға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол бермеу туралы мемлекеттің кепілдіктері Конституцияда және Халық денсаулығы туралы Кодексте және ҚР Денсаулық сақтау жүйесінде заңнамалық деңгейде бекітілген. Елімізде ЮНЭЙДС 95-95-95 стратегиясы іске асырылуда, ол АИТВ инфекциясына байланысты алдын алуды, тестілеуді, емдеуді және күтімді қамтамасыз етуге бағытталған.
АИТВ-мен өмір сүретін адамдардарға жан-жақты қолдау көрсету, олардың өмірге деген сенімділігін туғызады. Осы бағытта қалалық ЖИТС орталығы Қазақстанда АИТВ-инфекциясының таралуына тұрақты ұлттық жауап беру мақсатында халықтың осал топтары мен АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың алдын алу, күту және қолдау қызметтеріне қол жеткізуін кеңейту арқылы 2021-2023 жылдарға арналған АИТВ компоненті бойынша Жаһандық қордың грантын жеңіп алған.
Грант аясында алдын алу қызметтерін, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға күтім мен қолдау көрсететін 3 ҮЕҰ-мен жұмыс атқарамыз. Осы грантты іске асыру барысында әлеуметтік қорғалмаған топтарды жұмыспен қамту мәселелері шешімін табуда. Біздегі көптеген аутрич-қызметкерлер халықтың негізгі топтарының өкілдері, олардың тұрақты табысы жоқ. Біз осы бағдарламалар аясында 44 аутрич-қызметкерді (ЖИТС орталығынан 16 аутрич) жұмыспен және жалақымен қамтамасыз еттік. Алдағы уақытта осы бастаманы дамыту мақсатында, қалалық Қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасы Үкіметтік емес Ұйымдарға халықтың негізгі топтарының арасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жариялады. Осы жоба аясында тағы да 35 аутрич қызметкер жұмыспен қамтылатын болады.
Кемсітушілікті жою негізіне халықты аурулар туралы, алдын алу шаралары мен берілу жолдары туралы ақпараттандыру жатады.
Кемсітушілікпен күресу – бұл АИТВ мен ЖИТС-тің алдын алуға байланысты тиімді профилактика мен медициналық күтімді іске асыру жолындағы үлкен тосқауылды жою.