Кеме капитаны босқындарды құтқарғаны үшін түрмеге қамалмақ

30 Маусым 2019, 11:44
1446
Бөлісу:
Кеме капитаны босқындарды құтқарғаны үшін түрмеге қамалмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Италияда кеме капитаны босқындарды құтқарғаны үшін түрмеге қамалмақ. Ал құтқарылған адамдарды Еуропаның бес мемлекеті қабылдауға келісті.

«Sea Watch 3» кемесінің капитаны Карола Ракете 10 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. 31 жастағы неміс капитаны 40 босқынды Италия портына түсіргені үшін жазаланбақ.

DW мәліметінше, кеме басқарған әйелге адам саудасына көмектесті деген айып тағылуы мүмкін. 40 босқын кеме бортында екі аптадан астам уақыт болған. Германия Сыртқы істер министрі Хайко Маас италиялық әріптестерін асығыс әрі негізсіз айыптауларға жол бермеуге шақырды. 

«Адамды құтқару, оның өмірін сақтап қалу – бұл гуманитарлық міндет. Теңіздегі құтқару криминалға жатпауы керек. Италия Әділет қызметінің міндеті – айыптарды тезірек анықтау», - деп жазды Twitter-інде Германия СІМ басшысы.

Дегенмен, бұған Италия ІІМ басшысы әрі Үкімет вице-премьері Маттео Сальвини қарсылық білдірді. Оның мәліметінше, заң бұзғандар ұсталып, қарақшылар кораблі тәркіленді. Босқындар басқа Еуропа елдеріне жіберіледі. Бұл мемлекеттер Германия, Люксембург, Португалия, Финляндия мен Франция болуы мүмкін.
Өзгелердің жаңалығы